Елена Рыбакина Штутгарттағы WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (№2) Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің ширек финалында канадалық Лейла Фернандеспен (№25) кездесті.
Ойын Porsche-Arena кортында өтті. Матчтың ұзақтығы 3 сағат 2 минут болды.
Рыбакина қарсыласын 6:7 (5:7), 6:4, 7:6 (8:6) есебімен жеңді. Қазақстандық теннисші жеті эйс жасап, сегіз қос қате жіберді. Ал Фернандес алты эйс орындап, алты қос қате жіберген.
Турнирдің алғашқы кезеңінде Рыбакина ресейлік теннисші, әлемнің 19-ракеткасы Диана Шнайдермен ойнап, 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жеткен. Фернандес бұған дейін Түркия өкілі Зейнеп Сенмезден (№79 WTA) басым түскен.
Финалға жолдама үшін қазақстандық спортшы әлемнің тоғызыншы ракеткасы, ресейлік Мирра Андреевамен кездеседі.
Штутгарттағы турнир 13–19 сәуір аралығында өтеді. Жүлде қоры 1,2 миллион доллар немесе 570 миллион теңгеден астам.
2024 жылы Рыбакина бұл турнирде жеңіске жеткен.


