Ақмола облысындағы «Шоптыкөл» бөгетінің дамбасы бұзылды: қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, Қорғалжын ауданында сағат 19:00-де «Шоптыкөл» плотинасының дамбасы бұзылды. Плотина Сабынды ауылынан солтүстікке қарай екі шақырым жерде орналасқан.
Ведомство Сабынды ауылын су басу қаупі жоқ екенін атап өтті. Жағдай бақылауда.
Куәгерлер дамбаның бұзылу сәтін видеоға түсіріп, желіде бөліскен. Олардың айтуынша, еріген қар суы Астана — Қорғалжын тасжолының бір бөлігін шайып кеткен.
Әкімдіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар бөлімі және тұрғындар дамбаны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Облыстық ТЖД да дамба бұзылған жерде авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді. Оқиға орнында суды қауіпсіз өткізу бойынша жедел шаралар атқарылуда.
Салдарын жоюға ТЖМ күштері мен құралдары, жергілікті атқарушы органдар, аудандық полиция бөлімі, сондай-ақ жол қызметтері жұмылдырылған. Барлығы шамамен 170 адам және 43 техника бірлігі тартылған. Дамбаны нығайту, инертті материалдар төсеу және суды бұру жұмыстары жүргізілуде.
Еске салайық, биыл ақпанда Шымкенттегі Бадам өзенінде жағалауды бекіту жұмыстары аяқталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң шамамен 40 метр бетон дамба қирағаны хабарланған болатын. Қала әкімдігінің мәліметінше, белгісіз адамдар өзен арнасынан тікелей тас өндірген, бұл гидротехникалық құрылымның зақымдануына әкелген.


