АҚШ әкімшілігі мұнай бағасы барреліне 200 долларға дейін өскен жағдайда ықтимал салдарды бағалап жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі мұнай бағасы барреліне 200 долларға дейін көтерілген жағдайда қандай салдар болуы мүмкін екенін зерттеп жатыр.
Иранмен соғыс сценарийлері және мұнай бағасының секіруі Мәліметке сәйкес, мұнай бағасының күрт құбылуының салдарын модельдеу Иранмен соғыстың әртүрлі даму сценарийлеріне дайындықтың бір бөлігі болып саналады және болжам ретінде қарастырылмайды.
Мұнай бағасы күрт өскен жағдайда экономикаға ықтимал соққыны бағалау шиеленіс кезеңдерінде тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл әкімшіліктің барлық нұсқаға, соның ішінде ұзаққа созылатын қақтығысқа да дайын болуына бағытталған.
Сонымен бірге, Ирандағы әскери әрекеттер басталғанға дейін АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент қақтығыс мұнай бағасының өсуіне және экономикалық өсімнің баяулауына әкелуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдіргені жазылады. Шенеуніктер бірнеше апта бойы Ақ үйді мұнай мен бензин бағасының құбылу тәуекелдері туралы ескерткен делінеді.
Ал Ақ үйдің баспасөз хатшысы Куш Десаи бұл ақпаратты «жалған» деп атап, шенеуніктердің «мұнай бағасының барреліне 200 долларға жету мүмкіндігін қарастырмайтынын», ал министр Бессенттің «Ирандағы операцияның қысқа мерзімді салдарына алаңдамағанын» мәлімдеді.
Әлемдік экономика үшін ықтимал соққы Bloomberg бағалауынша, мұнай бағасының қысқа мерзімде барреліне 170 долларға дейін өсуі АҚШ пен Еуропада инфляцияны жеделдетіп, экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін. Ал барреліне 200 доллар деңгейі әлемдік экономика үшін өте үлкен соққы болатыны ескертіледі.
Мұнай бағасының өсуі және Ормуз бұғазы Еске салайық, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан кейін әлемдік мұнай бағасы күрт көтерілді. Brent маркалы мұнай сауда барысында шарықтау шегінде барреліне 120 долларға дейін жетті. Негізгі фактор ретінде Иранның Ормуз бұғазын бұғаттауы аталады — бұл өңірде өндірілетін мұнайдың шамамен 90 пайызы және әлемдік жеткізілімнің бестен бір бөлігі өтетін стратегиялық бағыт.
19 наурызда әлемдік мұнай бағасы тағы бір межеден асып, Brent барреліне 116 доллардан жоғары болды. Жарияланым сәтінде Лондондағы ICE биржасында Brent-тің мамыр айына арналған фьючерстері барреліне 104 доллардан жоғары саудаланып жатыр.
Қазақстан үшін әсері: бюджетке пайда, экономикаға тәуекел Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасының өсуі Қазақстан бюджетіне қосымша кіріс әкеліп, Ұлттық қорды нығайтатынын, сауда балансын жақсартып, теңге бағамын қолдайтынын атап өткен.
Алайда мұнай нарығындағы жоғары құбылмалылық экономика үшін тәуекелдер туғызады. Бағаның ауытқуы инфляцияға, инвестицияларға және қаржы нарықтарына әсер етуі мүмкін. Экономиканың мұнай кірістеріне тәуелділігі Қазақстанды сыртқы күйзелістер мен әлемдік бағаның күрт өзгерістеріне сезімтал етеді.
2026–2028 жылдарға арналған бюджетте мұнай бағасы барреліне 60 доллар және доллар бағамы 540 теңге деңгейінде белгіленген. Бұл көрсеткіштер экспорттан түсетін кірістерді, әлеуметтік төлемдерді және бюджеттік бағдарламалар шығындарын есептеу үшін пайдаланылады.


