Түркістан облысындағы Рабат ауылында үш жыл бұрын салынған мектептің жағдайы нашарлап барады

Түркістан облысындағы Рабат ауылында үш жыл бұрын салынған мектеп ғимаратының жағдайы нашарлап барады.
Мектептің жертөлесін аздаған жауын-шашынның өзінде су басады, шатыры да ағады, қабырғаларында жарықтар пайда болған. Кейбір кемшіліктерді сылап, бітеп-жамауға педагогтардың өздері мәжбүр. Сонымен қатар, құрылысшы компания бірқатар жұмыстарды мүлде орындамай кеткені айтылады.
Ішкі дәретханалар болғанына қарамастан, мектеп аулаға қосымша дәретхана салуға мәжбүр болған. Себебі кабиналардан қатты иіс шығады, ал септик тез толып қалады.

Осыған байланысты балаларды да, ересектерді де ғимараттан тыс дәретхананы жиірек пайдалануға шақырады. Мұғалімдердің айтуынша, олар құрылыс компаниясына кемшіліктерді түзету туралы бірнеше рет жүгінген, алайда уәделерден әрі аспаған.
Сондай-ақ, үш жыл ішінде жылыту жүйесін ретке келтіру мүмкін болмаған. Соның салдарынан балалар қыс бойы сабақта тоңған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ата-аналар мен мұғалімдер білім басқармасына және өңір басшысына хат жазған.
Құрылыс компаниясы бұл жағдайға әзірге пікір білдірмеген. Шенеуніктер де құрылысшыға жүгінгенімен, жауап болмаған.

Нәтижесінде құрылыс басқармасы компанияны жауапкершілікке тартуды талап етіп сотқа жүгінген. Жергілікті тұрғындар мен мұғалімдер мектепті салғандарға, сондай-ақ нысанды қабылдағандарға қатысты прокуратураға да шағым түсірген.



