Қазақстанда жаңа мемлекеттік награда — Қожа Ахмет Яссауи ордені енгізіледі

Қазақстанда жаңа мемлекеттік награда — Қожа Ахмет Яссауи ордені енгізіледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде айтты.
Мемлекет басшысы жақын уақытта Қожа Ахмет Яссауи орденін мемлекеттік наградалар тізбесіне енгізу туралы жарлыққа қол қоятынын жеткізді.
«Жақын уақытта мен Қожа Ахмет Яссауи орденін мемлекеттік наградалар тізбесіне енгізу туралы жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары награда белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлерге табысталатын болады. Меніңше, бұл орден жоғары мәртебеге ие болуы тиіс», — деді Президент.
Тоқаев әлемге әйгілі ойшыл Қожа Ахмет Яссауиді, ең алдымен, қазақ халқының көрнекті өкілі ретінде қабылдауға шақырды.
Президенттің айтуынша, Қожа Ахмет Яссауидің мұрасын әлемнің түкпір-түкпірінде, әсіресе ірі елдерде кеңінен насихаттау қажет. Сонымен қатар, ол ең алдымен отандастарды Яссауидің шығармашылығымен таныстыру маңызды екенін атап өтті.
«Бізге оның мұрасын әлемнің барлық түкпірінде, әсіресе ірі елдерде кеңінен насихаттау қажет, бірақ, ең алдымен, біз оның шығармашылығымен өз отандастарымызды таныстыруымыз керек. Осы тарихи тұлғаға арналған жоғары сапалы кітаптар мен фильмдер шығару, сондай-ақ барлық өңірлерде Қожа Ахмет Яссауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқулар ұйымдастыру қажет», — деді Қазақстан Президенті.
Сенбі, 21 наурыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Сапар түркі әлемінің қасиетті орындарының бірі — Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барудан басталды. Одан кейін Мемлекет басшысы Түркістан облысының жұртшылығы алдында сөз сөйледі.


