Астанада полиция Tesla көлігін тоқтатты: рөлде 14 жастағы жасөспірім болған

Астанада полицейлер Tesla электромобилін тоқтатты, көлік тізгінінде 14 жастағы жасөспірім болған. Жасөспірім жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған.
Құқық бұзушылықтар Жедел басқару орталығының камералары арқылы тіркелген. Полицейлердің тоқтау туралы заңды талабына жүргізуші жауап бермей, қашып кетуге әрекеттенген. Көлік салонында онымен бірге кәмелетке толмаған досы да болған.
Полиция бұл жағдайдың алғашқы рет емес екенін хабарлады.
"Наурыз айында осы автокөлікпен көптеген құқық бұзушылықтар, оның ішінде қауіпті маневр жасау фактілері тіркелген. Көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылды", — делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Полицейлер жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін, сондай-ақ жүргізуші куәлігі жоқ адамға басқаруды бергені үшін әкімшілік хаттамалар толтырды. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасы оны тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару заңды өрескел бұзу екенін және айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін еске салды.
Бұған дейін Алматыдағы қайғылы жол-көлік оқиғалары аясында депутаттар Қазақстан жолдарындағы мәселелер туралы пікір білдірген. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өз сөзінде, оның айтуынша, ережені жүйелі түрде бұзып, бұл үшін жауапкершілікке тартылмайтын "шенеуніктер мен бизнесмендердің балалары" туралы мәлімдеді. Ол сондай-ақ ел бойынша полицияға ауқымды тексеріс жүргізуге шақырды.
Сенатор әрі ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Марат Қожаев өз кезегінде жол ережесін өрескел бұзатындарға қатысты қатаң шаралар ұсынды.


