Алматының Жетісу ауданында «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында сенбілік өтті

Алматының Жетісу ауданында «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында сенбілік өтті. Іс-шара тұрғындарды, еріктілерді және қалалық қызмет өкілдерін біріктірді.
Жұмыстар Палладина және Тәттібекова көшелерінде жүргізілді. Тазалық жұмыстарына тұрғындар, кәсіпкерлер, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері және қалалық басқармалар өкілдері қатысты. Сондай-ақ аудандық Ардагерлер кеңесі өкілдерінің белсенділігі ерекше атап өтілді.
Сенбілік барысында жағалау аумақтары мен өзен арналары тазартылып, іргелес учаскелер ретке келтірілді.
Жұмысқа самосвалдар мен тиегіштерді қоса алғанда, 30 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Нәтижесінде шамамен 30 тонна қоқыс жиналып, шығарылды.
Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырулы акцияға қатысушыларға алғыс айтып, қатысу деңгейінің жоғары екенін атап өтті.
«Апта сайын өтетін «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында Палладина және Тәттібекова көшелері ауданында өзен арналары тазартылды. Жақын маңдағы үйлердің мыңға жуық белсенді тұрғыны, коммуналдық қызметтер мен әкімдік құрылымдарының қызметкерлері сенбілікке қатысты. Дәстүрлі түрде бастамаларымызды қолдайтын еріктілер мен аға буын өкілдеріне алғыс білдіреміз. Тұрғындарды әлеуметтік желілерімізді қадағалап, қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтауға бағытталған осындай акцияларға қосылуға шақырамыз», – деді ол.

