Мексикада Cessna 172 жеңіл моторлы ұшағы апатқа ұшырап, төрт адам қаза тапты

Мексикада жеңіл моторлы ұшақтың апатқа ұшыраған сәті түсірілген кадрлар интернетте тарады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, авиакатастрофа салдарынан төрт адам қаза тапқан.
Оқиға 2 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша түске таман Пуэбла штатында, Санта-Ана-Хальмимильюлько елді мекені маңында (Уэхоцинго муниципалитеті) болған.
Жергілікті биліктің мәліметіне сәйкес, Cessna 172 жеңіл моторлы ұшағы Пуэбладағы бауырлар Сердан атындағы халықаралық әуежайдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң апатқа ұшыраған. Ұшақ Поса-Рикаға бағыт алған, алайда көп ұзамай өнеркәсіптік паркке жақын маңдағы егістік алқапқа құлаған.
Алдын ала дерек бойынша, бортта төрт адам болған.
Үшеуі оқиға орнында қаза тапқан, тағы бір зардап шегуші ауруханаға жеткізілгенімен, кейін ол да көз жұмған.
Әлеуметтік желілерде апат сәті түсірілген видео тарады. Кадрлардан ұшақ ұшып көтерілгеннен кейін көп ұзамай биіктігін жоғалтып, тұмсығымен төмен қарай күрт құлдилап, жерге соғылғаны көрінеді.
Федералдық азаматтық авиация агенттігінің хабарлауынша, Cessna 172 ұшағы ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң диспетчерлермен байланысын жоғалтқан.
Куәгер Висенте Эрнандестің айтуынша, ұшқыш басқаруды қайта қалпына келтіруге тырысқан, алайда ұшақ тым төмен биіктікте ұшып бара жатқан.
Апаттың ресми себебі әзірге аталған жоқ. БАҚ мәліметінше, Мексиканың федералдық авиациялық қызметтері оқиғаның мән-жайын тергеуді бастаған.
Сондай-ақ Air Canada Express ұшағы Нью-Йорк әуежайында қону кезінде өрт сөндіру көлігімен соқтығысқаны айтылды. Әуе кемесінде шамамен 100 жолаушы болған, ондаған адам жарақат алған.
Осыған ұқсас тақырып: Екі ұшақ ұшар алдында соқтығысты


