Еңбек министрлігі зейнетақы төлемдерінен 20% ұсталым енгізілді деген ақпаратты жоққа шығарды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілер мен видеохостингтерде тараған қазақстандықтардың зейнетақы төлемдерінен 20 пайыз ұсталым енгізілді деген ақпаратқа түсініктеме берді. Ведомство мұндай хабарламалардың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, белгісіз тұлғалар deepfake технологияларын пайдаланып, ынтымақты зейнетақы төлемдері 20 пайызға қысқарады деген жалған ақпарат бар видеороликтерді таратып жатыр.
Осыған байланысты министрлік 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық банк айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері 10 пайызға ұлғайтылғанын еске салды.
Сондай-ақ таратылған хабарламада: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны күнкөріс минимумының 70 пайызына дейін, ең жоғарысын — 120 пайызына дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылып жатыр» делінген.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (күнкөріс минимумының 70 пайызы) құрады. Ең жоғары мөлшер күнкөріс минимумының 110 пайызынан 118 пайызына дейін көтеріліп, 60 005 теңге болды.
Осыған байланысты ведомство азаматтарды ақпаратқа тек ресми дереккөздер арқылы сенуге шақырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салды.


