Аль-Фарабидегі ЖКО туралы видео жариялаған Адилетхан Молдахан екі айға қамауға алынды

Алматыда Аль-Фараби даңғылындағы жол-көлік оқиғасы туралы видео жариялаған Адилетхан Молдахан екі айға қамауға алынды. Полиция оның ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Не болды Полиция көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, сот сотқа дейінгі тергеу аясында екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Құқық қорғау органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын айтты.
Полиция сондай-ақ жалған ақпарат тарату заңда көзделген жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Блогер не үшін ұсталды Бұған дейін Молдаханға қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы 1-бөлігі бойынша — «Көрінеу жалған ақпарат тарату» дерегімен қылмыстық іс қозғалғаны нақтыланған.
Аталған баптың санкциясы мынадай жаза түрлерін қарастырады:
- 1000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы 4 325 000 теңге),
- 400 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар,
- бір жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Бұған дейін тергеу соты оны 10 тәулікке қамауға алған.
Айта кетейік, блогердің Instagram парақшасына бір миллионнан астам қолданушы жазылған. Ол Аль-Фараби даңғылындағы үш адам қаза тапқан ЖКО туралы жарияланымдар сериясынан кейін ерекше назарға іліккен. Молдахан апатқа құқық қорғау органының қызметкері қатысуы мүмкін екенін айтқан.
Өткеніне қатысты мәлімет Іске қоғамның қызығушылығы артқаннан кейін Алматы полиция департаменті ұсталған адамның өмірбаянына қатысты деректерді жариялауды жөн көрген.
Полицияның мәліметінше, Адилетхан Молдахан — бұрын құқық қорғау органдарының қызметкері, алайда оның ІІМ-дегі қызметі жанжалмен аяқталған.
Департамент оның бұған дейін ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылғанын растады.
Сонымен қатар, полиция оның бұған дейін алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған тонау бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өтті.
Полицияның хабарлауынша, сот үкімімен ол тонау жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Сот анықтағандай, 2023 жылғы наурызда ол алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге рөлдерді алдын ала бөліп, тұрғын үй сатып алу үшін ақшамен келген азаматқа шабуыл ұйымдастырған. Қылмыстық ниетті жүзеге асыру барысында күдіктілер жәбірленушінің көлігін қуып, әдейі тоқтатып, келісілген түрде күш қолданып, ірі көлемдегі ақшаны ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Осы қылмыс үшін сот оған пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.


