Санжар Бокаев екі айға қамауға алынды

Санжар Бокаев екі айға қамауға алынды.
Іс материалдарына сәйкес, Бокаевқа қатысты іс екі бап бойынша жүргізіліп жатыр:
- ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы — «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық»;
- ҚР ҚК 340-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы — «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру».
2026 жылғы 19 наурызда Алматы қаласының тергеу сотының қаулысымен Бокаев С.-ға қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Еске салайық, 18 наурызда Алматыда қоғамдық белсенді әрі блогер Санжар Бокаев ұсталған. Оның ұсталу сәтінің видеосы кейін желіде жарияланды.
Бұған дейін ол жалған ақпарат таратты және қоғамда теріс пікір қалыптастырды деген күдікке ілінгені айтылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Бокаев әлеуметтік желілерде қоғамдық парк аймағында ағаштардың заңсыз кесілуі туралы, сондай-ақ құрылыс нысандарынан мүлік ұрлығы жөнінде мәліметтер айтылған видеоматериалдар жариялаған.
Сонымен қатар, тергеу деректеріне сүйенсек, Бокаев бұл құқыққа қайшы әрекеттерді өзі ұйымдастырып, қаржыландырған деген болжам бар.
Ведомство мәліметінше, ол табысы төмен адамдарды тартып, оларға ақшалай сыйақы үшін ағаш кесуді және мүлік ұрлауды тапсырған.
Бұдан бөлек, блогер аса ірі көлемдегі ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен жымқырды деген күдікке де ілінген.


