Ақтаудан Астанаға ұшқан рейсте жолаушының жағдайы нашарлап, борттағы дәрігерлер көмек көрсетті

Ақтаудан Астанаға бағыт алған рейс кезінде жолаушылардың бірінің жағдайы кенеттен нашарлады. Оған бортта жолаушы ретінде отырған дәрігерлер көмек көрсетті.
Оқиға 3 сәуірде болған. Бір сәтте бортсеріктер жолаушыларға бортта медицина қызметкерлері бар-жоғын сұрап, үндеу жасаған. Сол кезде бірден бірнеше маман көмекке келген:
- облыстық көпбейінді аурухананың гематологы Саулет Айтбекқызы;
- Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығының өңірлік департаментінің директоры Ляззат Қайырбайккызы;
- жеке клиниканың күндізгі стационар дәрігері Аслем Берикболаткызы;
- жеке медициналық орталықтың дерматологы Рыскайша Хайырбеккызы.
Медицина мамандары жолаушыдан бозару, суық тер, қан қысымының төмендеуі және тахикардия белгілерін байқаған. Көрсетілген көмектен кейін науқастың жағдайы ұшақ қонғанға дейін тұрақтандырылған.
Ляззат Қайырбайккызы әріптестерінің үйлесімді әрекетін атап өтті.
"Бортсерік бортта дәрігерлер бар ма деп сұрағанда, мен бірден тұрып көмектесуге бардым. Жанымда тағы үш маман болды. Біз таныс емес едік, бірақ бізді кәсібилік пен көмекке дайындық біріктірді. Әрқайсысы өз жұмысын нақты орындады", — деді ол.
Бұл қазақстандық дәрігерлерден әуеде көмек сұралған алғашқы жағдай емес. Мысалы, Астана — Орал рейсінде жүктіліктің соңғы кезеңіндегі жолаушының кенеттен суы кеткен. Сол кезде оған екі медицина қызметкері көмектескен. Ұшақ қонғаннан кейін жолаушы ұл бала туған.
Оқыңыз: Қазақстандық дәрігер ұшақта жолаушыны жердегі әріптесімен кеңесе отырып, шамамен 10 сағат құтқарған


