ТЖМ қызметкерлері Таяу Шығыс елдерінен азаматтарды эвакуациялауға қатысқаны үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан азаматтарын Таяу Шығыс елдерінен сәтті эвакуациялауға қатысқаны үшін Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Эвакуациялық іс-шараларды өткізу барысында көрсеткен кәсібилігі, ерлігі және қосқан үлесі үшін «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Евгений Мустафин мен Тахиржан Искаков «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен өзара іс-қимылды ұйымдастырғаны және азаматтарды эвакуациялау операциясына құтқарушылардың қатысуын үйлестіргені үшін ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Сабыржан Тастембеков Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды.
Мемлекеттік наградалар ТЖМ қызметкерлерінің жоғары кәсібилігінің, жанқиярлығы мен қызметтік борышына адалдығының айқын көрінісі болып, жауапты халықаралық гуманитарлық миссия барысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегіне берілген жоғары баға болды.









