Дональд Трамп Ормуз бұғазын бұғаттау басталатынын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth social әлеуметтік желісінде Ормуз бұғазын бұғаттау басталатынын мәлімдеді.
Трамп Исламабадта иран делегациясымен өткен келіссөздерге пікір білдіре отырып, көптеген тармақ бойынша келісімге келгенін, алайда «шын мәнінде маңызды жалғыз мәселе — ядролық» тақырыптың шешілмей қалғанын айтты.
Оның жазуынша, АҚШ-тың Әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазына кіруге немесе одан шығуға әрекеттенген кез келген және барлық кемелерді бұғаттау процесін бастайды. Трамп сондай-ақ белгілі бір сәтте «Барлығына кіруге болады, барлығына шығуға болады» режиміне келетіндерін атап өтті.
Трамптың айтуынша, ол АҚШ флотына халықаралық суларда Иранға «алым» төлеген әрбір кемені іздеп, тоқтатуды да тапсырған.
Ол сондай-ақ: «Заңсыз алым төлейтін ешкім ашық теңізде қауіпсіз жүріп өте алмайды. Біз ирандықтар бұғазға орнатқан миналарды да жоя бастаймыз. Бізге немесе бейбіт кемелерге оқ атқан кез келген ирандық жер бетінен жойылады», — деп қоқан-лоқы жасады.
АҚШ президентінің мәлімдеуінше, блокада «жақын арада» басталады.
Трамптың сөзінше, оған басқа елдер де қатысады. Ол сондай-ақ Иранға «осы заңсыз бопсалау актісінен пайда табуға жол берілмейтінін» айтып, Иранға ақша керек екенін және «одан да маңыздысы — ядролық қару керек» екенін қоса жазды.
Анықтама: Ормуз бұғазы — Парсы шығанағы мен Оман шығанағы арасындағы тар теңіз бұғазы. Ол Иран мен Оманның арасында орналасқан және әлемдегі ең стратегиялық маңызды теңіз жолдарының бірі саналады. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнай мен газ жеткізілімдерінің едәуір бөлігі, әсіресе Парсы шығанағы елдерінен өтеді. Сондықтан оның қауіпсіздігіне төнген кез келген қатер энергия тасымалдаушылардың әлемдік бағасына және жаһандық экономикаға әсер етуі мүмкін. Бұғаздың геосаяси маңызы зор, өйткені ол әлемдегі ең ірі энергетикалық өңірлердің біріне қолжетімділікті бақылап отыр.
Бұған дейін АҚШ президенті Иранға қарсы теңіз блокадасы мүмкін екенін меңзеген.
Иран мен АҚШ келіссөздері
Кеше Пәкістан астанасы Исламабадта АҚШ пен Иран делегацияларының тікелей келіссөздері басталды. АҚШ делегациясын вице-президент Джей Ди Вэнс басқарды, құрамында сондай-ақ Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер болды. Иран делегациясын парламент спикері Мохаммед Багер Галибаф басқарды, құрамына сондай-ақ сыртқы істер министрі Аббас Арагчи кірді.
Келіссөз нәтижесі нөлдік болды: ешқандай келісімге қол жеткізілген жоқ. Мұны ирандық та, америкалық та тарап мәлімдеді.


