Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы БАӘ елшісін қабылдап, Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арикиді қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның дәстүрлі түрде достық әрі бауырластық қатынастарды дамытуға, сондай-ақ БАӘ-мен өзара қызығушылық тудыратын бағыттардың кең ауқымы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға өзгермейтін бейілділігін атап өтті.
Президент екі елдің халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ұстанымдары сәйкес келетінін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға, соның ішінде Иран тарапынан БАӘ аумағына жасалып жатқан бомбалаулардың жалғасуына алаңдаушылық білдірді.
Ол Қазақстанның аталған елдің азаматтық инфрақұрылымына жасалған қарулы шабуылдарды алғашқылардың бірі болып айыптағанын еске салды. Бұл туралы БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесу барысында айтылған.
Мемлекет басшысының ұстанымы бойынша, Қазақстан Таяу Шығыстағы әскери әрекеттерге бейтарап мемлекеттердің тартылуына қарсы, шиеленістің күшеюін тоқтатуға және БАӘ мен осы әскери қақтығысқа қатыспайтын Парсы шығанағы елдерінің егемендігі мен аумақтық тұтастығының бұзылуын доғаруға, сондай-ақ дағдарысты дипломатиялық жолмен реттеуге көшуге шақырады.
Президент қажет болған жағдайда, Қазақстанның бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға ізгі ниет рухында дайын екенін растады.
Елші Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики Қазақстанның БҰҰ Жарғысы қағидаттарына берік бейілділігіне, сондай-ақ БАӘ мен Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесіне қатысушы елдердің егемендігіне, аумақтық тұтастығына және қауіпсіз өмір сүруіне құрмет танытқаны үшін ризашылығын білдірді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қақтығыстарға қатысып отырған елдерге үндеу жасаған. Мемлекет басшысының айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс қатты ушығып, оның пікірінше, бұл қарсыластықта түптің-түбінде ешбір ел пайда көре алмайды.


