Иран армиясының өкілі: келіссөздер сәтсіз болса, Тегеран ұзақ соғысқа дайын

Иран армиясының ресми өкілі Мохаммад Экреминия Тегеран келіссөздер процесіне сақтықпен қарайтынын, бірақ ол сәтсіз аяқталған жағдайда ұзаққа созылатын соғысқа дайын екенін мәлімдеді.
Мемлекеттік телеарна эфирінде Экреминия атысты тоқтату режимі Иранның шешімді ұстанымының арқасында орнағанын айтты.
«Иран қарсыласын өзінің берік ұстанымымен бітімге келуге мәжбүр етті. Келіссөздердің негізі мен фокусы Иранның шарттарымен қалыптасады», – деді ол. Сонымен бірге, елдің сақтық ұстанымын сақтап отырғанын атап өтті.
Экреминия келіссөздердің сәтті аяқталуына үміт білдіріп, алайда басқа сценарийге де дайын екенін жеткізді:
«Келіссөздердің сәтті болуына үміттенеміз, бірақ сәтсіз болса, ұзақ соғысқа дайынбыз», – деді Иран армиясының өкілі.
Ол сондай-ақ АҚШ-қа сенімсіздік білдіріп, 2015 жылғы ядролық келісім процесін еске салды.
«Қарсылас сенімді емес екенін көрсетті және келіссөздердің алдыңғы екі раундында да дәл осылай әрекет етті», – деді Экреминия.
Иранның әскери дайындығы жалғасып жатқанын атап өткен ол:
«Көзіміз қарсыласта, саусағымыз шүріппеде», – деді.
Экреминия парламенттің Ормуз бұғазы арқылы өтулер үшін төлем алу туралы заң жобасына да пікір білдірді:
«Бұғазды парламент шешімімен бақылау осы қақтығыста Иранға экономикалық пайда болады», – деді ол.
АҚШ президенті Дональд Трамп 8 сәуірге қараған түні Иранмен екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Трамп бұл келісімді АҚШ-тың «толық әрі абсолютті жеңісі» деп атады.
Ал Тегеран бітімді өз жеңісі ретінде бағалады. Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің мәлімдемесінде:
«Жау иран халқына қарсы қорқақ, заңсыз және қылмыстық соғысында даусыз, тарихи және күйреткіш жеңіліске ұшырады», – делінген.
Ақ үй Израильдің де бітімге қосылғанын хабарлады. Алайда премьер-министр Биньямин Нетаньяху оның Ливанға қатысы жоқ екенін нақтылады.


