Жамбыл облысында Гүлайым Рахмоноваға қатысты өліммен аяқталған жол апаты ісі бойынша үкім шықты

Жамбыл облысында мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты істі қарап, Гүлайым Рахмоноваға үкім шығарды. Іс жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан адамдардың қаза болуына әкеп соққан жағдай бойынша қаралған.
Не болды Соттың анықтауынша, 2025 жылғы 27 шілде күні таңертең Гүлайым Рахмонова Toyota Land Cruiser көлігін Мойынқұм ауданындағы Алматы — Екатеринбург тасжолында басқарған.
Сот дерегіне сәйкес, ол көлікті шаршаған күйде жүргізіп, басқаруды жоғалтып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен, содан кейін көлік аударылған.
Апат салдарынан екі жолаушы — айыпталушының құрбысы мен әпкесі қаза тапқан. Олар өмірге қауіпті жарақаттардан көз жұмған. Гүлайым Рахмонова ауруханаға жеткізілген.
«Айыпталушының кінәсі тараптардың көрсетулерімен, сарапшылардың қорытындыларымен және істің өзге де материалдарымен дәлелденді», — делінген сот мәліметінде.
Тараптардың ұстанымы Мемлекеттік айыптау Гүлайым Рахмоноваға 5 жылға бас бостандығынан айыру, 7 жылға дейін көлік басқаруға тыйым салу және жазаны орындауды 5 жылға кейінге қалдыруды сұраған.
Хабарламада: «Жәбірленуші тараптар айыпталушыны кешірді, талап-арыз қоймады, (қаза болған құрбысының әкесі) бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады, (айыпталушының әпкесінің жұбайы) жаза тағайындамауды өтінді», — деп көрсетілген.
Гүлайым Рахмонова кінәсін мойындамаған.
Сот қандай шешім шығарды Сот Гүлайым Рахмонованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Тағайындалған жаза:
- 5 жылға бас бостандығынан айыру;
- 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру.
Сот жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған балаларының барын ескерген. Рахмонованың 2-ден 9 жасқа дейінгі төрт баласы бар. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
«Қылмыстық кодекстің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдерге сот жазаны өтеуді 5 жылға дейін, бірақ бала 14 жасқа толғанға дейінгі мерзімнен аспайтын уақытқа кейінге қалдыруды ұсынады», — деп түсіндірілген.
Осыған байланысты жазаны орындау 5 жылға кейінге қалдырылды.
Не болады Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға болады.
Алғышарттар Еске салайық, жол апаты 2025 жылғы 27 шілдеде Алматы — Екатеринбург автожолында болған. Нәтижесінде екі адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған. Көлікте Гүлайым ұлымен және оның құрбылары болған.
Бастапқыда ол қорғауға құқығы бар куә ретінде жауап алынған. Сол кезде оның ем қабылдап жатқаны және тергеу әрекеттері жалғасып жатқаны айтылған.
«Тергеу іс-шараларының нәтижелері бойынша оған қатысты қолданыстағы заңнама аясында процессуалдық шешім қабылданады», — деп хабарланған Жамбыл облысы полиция департаментінде.
Кейін 2025 жылғы қарашада Сенат кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қылмыстық істің ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі бойынша тергеліп жатқанын және аяқталу сатысында екенін нақтылаған.
«Қазіргі уақытта тергеу әрекеттерінің барлығы дерлік аяқталды, соңғы кешенді автотехникалық сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Нәтижесі бойынша айып тағу және істі сотқа жолдау туралы шешім қабылдаймыз», — деген Әділов.
Кейін Рахмоноваға қатысты күдікті мәртебесі ауырлау саралауға ауыстырылып, ҚК 345-бабы 4-бөлігі — «Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша танылған.
Аталған баптың санкциясы:
- 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- 7 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру.
Прокуратурада түпкілікті жазаны істің барлық мән-жайын ескере отырып сот анықтайтыны айтылған.
Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, 2026 жылғы 29 қаңтарда қылмыстық іс сотқа мәні бойынша қарау үшін жолданған.
«Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қарауға жіберілді», — деп нақтыланған.
ЖКО туралы не белгілі Еске салайық, өліммен аяқталған жол апаты 2025 жылғы 27 шілдеде шамамен 08:50-де республикалық маңызы бар Алматы — Екатеринбург автожолының 299-шақырымында болған. Полиция дерегінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі Қарағанды облысы жағынан Алматы бағытына келе жатып, басқаруды жоғалтып, көлік аударылған.
Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілген. Бұған дейін көлікте Гүлайым Рахмонова ұлымен және оның құрбылары болғаны хабарланған.
Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы спортшының жұбайы мен баласының жағдайы туралы мәлімет беріп, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланғанын, жабық бас-ми жарақаты және ми шайқалуы диагнозы қойылғанын хабарлаған.
Сондай-ақ Жамбыл облысы полициясы апат орнынан видео жариялаған. Кадрларда кузовы қатты бүлінген, бір дөңгелегі жұлынып кеткен аударылған жол талғамайтын көлік және жан-жаққа шашылған сынықтар көрінген.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов пен оның жұбайы Гүлайым Рахмонованың ажырасқаны белгілі болған. Ажырасу туралы Гүлайым әлеуметтік желіде жазба жариялап мәлімдеген, ол жазба бірден оқырмандардың назарын аударған.


