Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу емтихандарының тәртібін өзгерту жоспарланып отыр

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімін өзгерту жоспарланып отыр. Ұсынылып отырған шаралар процестің ашықтығын арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге және азаматтар үшін шарттарды жеңілдетуге бағытталған.
Премьер-министрдің орынбасары — цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің төрағалығымен өткен кеңесте ІІМ-мен бірлесіп бірқатар жаңашылдық қаралып, бекітілді.
Негізгі өзгерістердің бірі — емтиханды ақылы негізде шектеусіз рет тапсыру мүмкіндігін енгізу. Бұл ретте әрбір әрекеттің арасында кемінде 10 күнтізбелік күн үзіліс сақталуы тиіс.
Үкіметте бұл норма рәсімді қолжетімді етіп, артық шектеулерді алып тастауға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазіргі тәртіп бойынша азаматтарға үш тегін мүмкіндік беріледі: екеуі — бір күн аралықпен, үшіншісі — 30 күннен кейін. Одан кейін қайта оқыту талап етіледі, бұл жекелеген жағдайларда жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелеуі мүмкін болған.
Сонымен қатар Астанадағы Ұлттық тестілеу орталығының филиалы базасында пилоттық жоба іске қосу жоспарланып отыр. Онда теориялық емтихан тапсыру кезінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сынақтан өткізіледі. Кейін бұл шешімдерді бүкіл жүйеге кеңейту көзделген.
Мамандар тесттердің тиімділігін — көлікті қауіпсіз басқаруға қажетті білім мен дағдыларды бағалаудағы нәтижелілігін — растау үшін психометриялық зерттеулер жүргізеді.
Өзгерістердің жеке блогы жасанды интеллект технологияларын енгізуге қатысты. Атап айтқанда, теориялық емтихандарда толықтырылған шындықты (AR) қолдану және практикалық бөлікті бақылау үшін компьютерлік көруді (Computer Vision) пайдалану қарастырылған.
Сондай-ақ цифрлық шешімдердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту жоспарланған. Оларды ақпараттандырудың аса маңызды объектілері тізбесіне енгізу көзделіп отыр, бұл ықтимал бұзушылықтар үшін жауапкершілікті, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке дейін, арттырады.
Тағы бір жаңашылдық — әкімшілік жауапкершілікті енгізу. Ол емтихан тапсырушыларға да, жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға көмектесетін тұлғаларға да қатысты болады. Атап айтқанда, тыйым салынған құрылғыларды қолданғаны үшін емтихан тапсырудан бір жылға дейін шеттету қаупі бар.
Бұдан бөлек, автомектептерге қойылатын талаптарды қатаңдату жоспарланып отыр. Олардың қызметін бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың пікірлері ескерілмек. Болашақта лицензиялау енгізілуі мүмкін, ал даярлық деңгейі төмен болған жағдайда лицензияны кері қайтарып алу қарастырылады.
Үкіметте бұл шаралар жүргізуші куәлігін алу кезіндегі жасанды кедергілерді жоюға, рәсімнің ашықтығын арттыруға және сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанда полицейлер автомектептерді тексеріп, олардың рейтингін жасауды жоспарлап отырғаны жазылған еді.


