Перизат Қайраттан тәркіленген Mercedes-Benz S-450 аукционға шығарылды

Перизат Қайраттан тәркіленген Mercedes-Benz S-450 көлігі аукционға қойылды. Көлік 79,4 миллион теңгеге бағаланған.
Сату туралы хабарландыру Астананың мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті 2024 жылы шығарылған қара түсті Mercedes-Benz S450 автокөлігін сату туралы хабарландыру жариялады.

Лот сипаттамасында көлікпен бірге Pandora дабылы бар кілт берілетіні көрсетілген. Алайда автокөліктің аккумуляторы отырып қалғандықтан, оның техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес екені нақтыланған.
Көліктің бағалау құны — 79 415 000 теңге.

Сипаттамада автокөлікке қамау түріндегі шектеулер қойылғаны да жазылған. Сонымен қатар, көлік жекелеген мемлекеттік органдардың балансына беруге жатпайды.

Сауда 7 сәуір 2026 жылға белгіленген.
Тәркіленген мүлік туралы Перизат Қайраттан тәркіленген мүлік аукционға шығарылатыны туралы өткен жылдың қыркүйегінде хабарланған. Тәркіленген заттардың қатарында:
- Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй;
- Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер (тұрақ орындарымен бірге);
- автокөліктер: Mercedes-Benz S450 (2024), Lexus LX 600 (2024), Mercedes-Benz EQE 500 4 matic (2023), Haval H6 GT (2024);
- Rebel Flowers ЖШС (гүл бизнесі) жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 100 пайызы;
- 97 миллион теңгеден астам және 22 мың доллар;
- Bulgari, Jimmy Choo, Cartier, Gucci, Christian Dior маркалы күннен қорғайтын көзілдіріктер;
- Loro Piana әйелдер аяқ киімі — 9 жұп;
- Hermes, Prada, Dior, Gucci, Chanel брендтерінің әйелдер белдіктері — барлығы 6 дана.
Перизат Қайрат ісі Перизат Қайрат — қазақстандық қоғамдық белсенді және кәсіпкер, 2021 жылғы маусымда құрылған қайырымдылық қорының құрылтайшысы әрі басшысы ретінде белгілі.
2024 жылғы қарашада Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген айыппен ұсталды. Тергеу дерегінше, қаражаттың бір бөлігі жеке қажеттіліктерге, соның ішінде элиталық жылжымайтын мүлік, автокөлік сатып алуға және қымбат сапарларға жұмсалған.
Сондай-ақ Қайрат қор қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін достары мен туыстарын тартып, қызметтері үшін оларға сыйақы төлеген болуы мүмкін екені айтылған.
Кейін Перизат Қайраттың заңға қайшы әрекетінің тағы бір эпизоды анықталғаны хабарланды: оны Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінген.
2025 жылғы наурызда Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Перизат Қайрат басшылық еткен Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін тарату туралы әділет департаментінің талабын қарады.
16 шілдеде Перизат Қайрат ісі бойынша жәбірленушілер сотқа әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, қайырымдылық көмек көрсетуге шешім қабылдағандарын айтты. Іс бойынша жәбірленуші ретінде елордалық Назарбаев Интеллектуалдық мектебі оқушыларының ата-аналары да танылған.
21 шілдеде сот банк құпиясы бар құжаттарды қоса алғанда, құпия деректер қаралуына байланысты жабық режимде өтті. Тараптар бірқатар өтінішхаттарды жариялап, айыпталушы Перизат Қайраттан жауап алынған. Оның анасы өз құқығын пайдаланып, куәлік беруден бас тартқан.
2025 жылғы 25 шілдеде Перизат Қайратқа үкім шықты. Ол бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 10 жылға қайырымдылық жинауға байланысты қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, жазасын орта қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді.
Бұдан бөлек, сот Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға 50 жәбірленушінің пайдасына 1 582 649 591 теңге көлеміндегі материалдық залалды ортақ тәртіппен өтеуді міндеттеді.


