Шетелге шығар алдында қазақстандықтарға қандай екпелер қажет болуы мүмкін және нені ескеру керек

Шетелге шығар алдында әдетте виза, билет және сақтандыруды тексереміз. Ал екпе мәселесі кейде назардан тыс қалып жатады — бірақ бұл маңызды. Кейбір елдерге белгілі бір вакциналарсыз кіргізбеуі мүмкін, ал басқа бағыттарда инфекция жұқтыру қаупі жоғары болады.
Неге қажет Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің түсіндіруінше, әр мемлекет екпеге қатысты талаптарды ұлттық заңнама мен санитариялық-эпидемиологиялық ережелерге сүйене отырып өзі белгілейді. Ведомство ережелер эпидемиологиялық жағдайға қарай өзгеруі мүмкін екенін атап өтті, сондықтан билет сатып алмас бұрын баратын елдің елшілігі немесе консулдығының сайтынан талаптарды нақтылап алған дұрыс.
Жалпы, екпелерді екі топқа бөлуге болады:
- Міндетті (онсыз виза берілмеуі немесе шекарадан өткізілмеуі мүмкін);
- Ұсынылатын (демалыстан кейін инфекциялық бөлімге түсіп қалмау үшін).
Қандай екпелерді салдыру ұсынылады Вакцина міндетті болмаса да, дәрігерлер сапар бағытының өңірін ескеруге кеңес береді. Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сәйкес, саяхат алдында мына негізгі екпелерді қарастырған жөн:
- А және В гепатиті — су, тағам және биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғады. Азия және Африка елдері үшін өзекті.
- Іш сүзегі (брюшной тиф) — санитария мәселелері бар өңірлерде жиі кездеседі, мысалы Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азияда.
- Жапон энцефалиті — маса шағуы арқылы жұғады, әсіресе Азияның ауылдық жерлерінде.
- Құтыру — жануарлармен байланыс болғанда немесе ауылдық аймақтарға барғанда ұсынылады.
- Қызылша, қызамық, паротит (MMR) — екпе алмағандар үшін маңызды, өйткені қызылша өршуі әлемнің әр өңірінде кезең-кезеңімен тіркеліп тұрады.
Қандай екпелер міндетті Бұл талаптар қатаң: елемеу сапардың әуежайда аяқталуына әкелуі мүмкін.
- Менингококк инфекциясы — Сауд Арабиясына қажылыққа баратындар үшін міндетті, сондай-ақ менингит өршіген өңірлерге сапар кезінде ұсынылады.
- Сары безгек — Африка мен Оңтүстік Американың кей елдеріне кіру үшін міндетті. Вакцина сапарға кемінде 10 күн қалғанда салынады, сертификат өмір бойы жарамды.
Қазақстандықтар вакцинацияны қайда жасата алады Комитеттің мәліметінше, қажетті екпелерді лицензиясы бар медициналық ұйымдарда салдыруға болады. Вакциналар ұлттық екпе күнтізбесі бойынша тегін де, ақылы түрде де қолжетімді.
"Кепілдендірілген медициналық көмек көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық егулер жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және профилактикалық егулерге жататын халық топтарын бекіту туралы" қаулыға сәйкес, тегін вакцинация мына ауруларға қарсы жүргізіледі:
- құтыру, іш сүзегі, көктемгі-жазғы кене энцефалиті;
- адам папиллома вирусы, В гепатиті, b типті гемофильді инфекция;
- дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе;
- туберкулез, оба, паротит, пневмококк инфекциясы;
- коронавирус инфекциясы, А вирусты гепатиті, тұмау, сібір жарасы және туляремия.
Егер сіз жоспарлы иммундау тобына кірмесеңіз, кез келген лицензиясы бар клиникаға жүгіне аласыз.
"Денсаулық сақтау ұйымдарының егу пункттері, меншік нысандарына қарамастан, жоспарлы иммундау топтарына кірмейтін адамдарға вакцинация жүргізе алады, Қазақстан аумағында тіркелген вакцинаны қолдану және егулерді ұйымдастыру мен жүргізудің барлық талаптарын қатаң сақтау шартымен. Бұл ретте жеке медициналық орталықтарда вакцинаның болуы олардың өз бетінше сатып алуы мен жеткізілімдеріне байланысты", — деп атап өтті комитет.
Вакцинация алдында нені ескеру керек Мамандар алдын ала дайындалуға кеңес береді:
- вакцинаның бар-жоғын тексеру — кей препараттар шектеулі мөлшерде болуы мүмкін, әсіресе сирек немесе тропикалық ауруларға қарсы екпелер. Сондықтан медициналық ұйымға алдын ала қоңырау шалып, қажетті вакцина бар-жоғын нақтылаған дұрыс.
- екпені ертерек салдыру — иммунитетке вируспен күресуді "үйрену" үшін уақыт қажет (әдетте 2 аптадан бастап).
- қосымша қорғану шараларын сақтау — инфекция қаупі жоғары елге барсаңыз, жәндіктерге қарсы репеллент қолданыңыз, тек бөтелкедегі су ішіңіз және көшедегі тағамға сақ болыңыз.
- баратын елдің талаптарын алдын ала зерттеу — кіру үшін қандай екпелер қажет екенін біліп, өзіңізде бар-жоғын тексеріп, қажет болса дәрігермен кеңесіңіз.
Сондай-ақ, 10 сәуірден бастап Шенген аймағы елдері шекарадағы жаңа бақылау жүйесін — Entry/Exit System (EES) — толық көлемде қолдана бастайды. Бұл жүйе паспорттағы үйреншікті мөрлерді алмастырып, шекаралық бақылаудан өту процесін өзгертеді.


