Алматыда Дүйсенов көшесіндегі кафеге заңсыз салынған екі қабатты қосымша құрылыс сүріліп жатыр

Алматыда кезекті заңсыз нысан сүріліп жатыр.
Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, Тастақ-3 шағынауданындағы Дүйсенов көшесінде орналасқан кафеге жапсарлас салынған қосымша құрылысты бұзу жұмыстары басталған.
Бұған дейін жоспардан тыс тексеріс аясында нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, іс материалдары Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.
Басқармада хабарлағандай, сот қаулысымен меншік иесі қайтадан жауапкершілікке тартылып, кафеге заңсыз тұрғызылған екі қабатты қосымша құрылысты сүру туралы шешім шығарылған. Алматы қалалық сотының биылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешім өзгеріссіз қалдырылған.

9 сәуірде нысанды сүру жұмыстары Алматы қаласы Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен басталды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Розыбакиев көшесіндегі кафенің заңсыз жазғы террасасы сүрілген болатын.



