Алматыда сот шешімімен Циолковский көшесіндегі төрт қабатты заңсыз ғимарат бұзылуда

Алматыда сот шешімімен төрт қабатты ғимарат бұзылуға жіберілді.
Алматы қаласының қала құрылыстық бақылау басқармасының мәліметінше, Циолковский көшесі, 2/324 мекенжайында орналасқан нысан сот инстанциялары тарапынан заңсыз деп танылған.
Бұған дейін жүргізілген жоспардан тыс тексеріс барысында меншік иесінің төрт қабатты ғимаратты рұқсат беру құжаттарынсыз тұрғызғаны анықталған.

Хабарламада меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, сотқа талап арыз берілгені айтылған. Ұзаққа созылған сот талқылауларынан кейін апелляциялық сот алқасы заңсыз салынған ғимаратты бұзу туралы қаулы шығарған. 2026 жылғы 23 ақпанда әділет департаментінде атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
Басқарманың нақтылауынша, бұзу жұмыстары кеше сот орындаушыларының қатысуымен басталған.
Бұған дейін Алматыда Розыбакиев көшесіндегі кафенің заңсыз жазғы террасасы да бұзылған. Ол бойынша да бұзушылықтар жоспардан тыс тексеріс кезінде анықталған.



