Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффтпен кездесті

Премьер-министр Олжас Бектенов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффтпен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект және ғарыш саласы бағыттарындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы қаралды. 29 келісімге қол қойылып, олардың жалпы сомасы 17 млрд долларды құрағаны экономикалық байланыстарды кеңейтуге қосымша серпін бергені айтылды.
«Қазақстан-американ ынтымақтастығы бүгін қарқынды дамып келеді. Оның негізінде – елдеріміздің көшбасшылары арасындағы берік қарым-қатынас, олардың стратегиялық көзқарасы бірлескен жұмысымызға практикалық сипат береді. Біз жоғары саяси деңгейдегі тығыз диалог алдағы уақытта да елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге қолайлы жағдай жасайды деп үміттенеміз», – деді Олжас Бектенов.
«Екі ел арасында бұрын-соңды болмаған қарым-қатынас қалыптасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесі мен Авраам келісімдері жөніндегі бастамаларына қатысты нақты ұстаным білдірді. Бұлардың барлығы тарихи әрі серпінді бастамалар. Америка Құрама Штаттары мен Президент Трамп Қазақстанға қолдауы үшін алғыс білдіреді», — деді Джули Стаффт.
Кездесуде келтірілген деректерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 3,19 млрд долларды құрады, ал 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында бұл көрсеткіш 487,4 млн доллар болды. Қазақстанда америкалық қатысуы бар 600-ден астам компания жұмыс істейді. Қазақстан нарығында Chevron, ExxonMobil, Amazon, Citi, Wabtec, John Deere, Boeing, Oracle, PepsiCo және Mars сияқты компаниялардың болуы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін растайтыны атап өтілді.
Тараптар сондай-ақ саяси тұрақтылықты нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелерін іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға және басым бағыттар бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға өзара бейілділігін растады.
https://t.me/chinovnik_kz


