Түркістан облысында жоғалған жасөспірім Шымкенттен аман-есен табылды

Түркістан облысында жоғалып кеткен 2010 жылы туған Хасен Мардан Ғалымжанұлы облыс полицейлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде аман-есен Шымкент қаласынан табылды.
Жасөспірім 21 наурыз күні Ордабасы ауданындағы тұрғылықты мекенжайынан шығып, Түркістан қаласына қыдырып барған. Осыдан кейін жақындарымен байланысқа шықпай, із-түссіз кеткен.
Аталған дерек бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің және қалалық полиция басқармасының қызметкерлері бірден іздестіру жұмыстарын бастап, тәжірибелі жедел уәкілдерді жұмылдырды.
Баланың ата-анасы ұлының телефоны үйінде қалғанын айтып, оның табылмай жатқанына алаңдаушылық білдірді. Полицейлер жасөспірімнің жүрген бағытын анықтау үшін бейнебақылау камераларын мұқият зерделеп, Түркістан қаласын толық тексерді. Кейін іздестіру жұмыстары көршілес мегаполисте жалғастырылды.
Нәтижесінде 15 жастағы жасөспірім Шымкент қаласынан табылып, жедел уәкілдер оны ата-анасына табыстады.
Полиция қызметкерлері іздеу жұмыстарына алаңдаушылық білдірген бұқаралық ақпарат құралдары мен жергілікті тұрғындарға алғыс білдірді. Сондай-ақ ата-аналарға жасөспірім ұл-қызбен жақын сөйлесіп, тиісінше көңіл бөлу қажеттігін еске салды.
#ЗАҢМЕНТӘРТІП
📱 POLISIA.KZ


