Алматы полициясы Аль-Фараби даңғылындағы түнгі жарыс мәселесін ресми мойындады

Алматы полициясы қаладағы түнгі жарыстар мәселесін, соның ішінде Аль-Фараби даңғылындағы жағдайды ресми түрде мойындады.
Кеше кешке Алматыда Аль-Фараби даңғылында тағы бір өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы болды: көлік жаяу жүргіншіні қағып, әйел адам оқиға орнында көз жұмды.
Полицияның мәліметінше, Mitsubishi Delica көлігінің жүргізушісі Аль-Фараби даңғылымен шығыс бағытта келе жатып, Розыбакиев көшесімен қиылыста жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Әйел адам жолдың жүру бөлігін солтүстік бағытта кесіп өтпек болған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ведомство бақылауды күшейткенін айтып, Алматыда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерінің, оның ішінде қауіпті жүргізу мен «түнгі жарыс» деп аталатын әрекеттердің көбейгенін атап өтті.
Полиция дерегінше, соңғы үш күнде қала жолдарында 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу тоқтатылған. Оның ішінде:
- алкогольдік және есірткілік мас күйде көлік басқарғаны үшін 43 жүргізуші ұсталып, барлығы көлік басқарудан шеттетілген;
- 369 адам құжатсыз көлік басқарған;
- 94 көлік құралы мамандандырылған айып тұрағына қойылған;
- жылдамдық режимін асырудың 2 мыңнан астам дерегі тіркелген.
Полиция кейбір жүргізушілер өз құқық бұзушылықтарын видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратып, жазасыздық туралы жалған әсер қалыптастыратынын мәлімдеді. Ведомство әрбір осындай факт бақылауда екенін, құқық бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Солардың бірі ретінде Аль-Фараби даңғылындағы жағдай келтірілді: жүргізуші көлігін сағатына 250 км жылдамдыққа дейін үдеткен. Полиция оның жеке басы жедел анықталып, ұсталғанын, бірнеше құқық бұзушылық эпизоды бойынша әкімшілік материалдар толтырылғанын және сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынғанын хабарлады. Алайда полиция бұл резонансты оқиғаның нақты қайсысы екенін нақтыламады.
Сондай-ақ Аль-Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан тағы бір жол апатына қатысты полиция ұсталған адамның әзірге ауруханада конвоймен күзетте жатқанын, жағдайы тұрақтанғаннан кейін ИВС-ке орналастырылатынын айтты.
Осы уақытта Сенат депутаты Марат Қожаев бүгінгі отырыста жол ережесін қасақана бұзатын жүргізушілерге қатысты шараларды күшейтуді ұсынып, тек жүргізуші куәлігін алып қоюмен шектелмей, айыппұл төлеудегі жеңілдіктерді де алып тастауды көтерді.
Депутаттың айтуынша, барлық жүргізушіні толық бақылауға ресурстар жетіспейді және әрбір «жарысқұмардың» артынан бір полицейді қою мүмкін емес. Ол елде жүйелі түрде ереже бұзатындар 5–6%, ал 94–96% азамат заңға бағынатынын атап өтті.
Қожаев жүйелі бұзушылар үшін:
- айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу мүмкіндігін алып тастауды;
- жүргізуші куәлігінен айырып, міндетті түрде қайта тапсыруды;
- Германиядағы тәжірибеге ұқсас қосымша тексерістерді енгізуді ұсынды.


