Қазақстан «Евровидение-Азия» байқауына қатысуы мүмкін: шешім қаржылық шығындарға байланысты

2026 жылғы қарашада Таиландта алғашқы «Евровидение-Азия» байқауы өтеді. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның бұл жобаға қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
Министрлік редакцияның ресми сұрауына берген жауабында «Хабар» агенттігінің атына Media Partners Asia компаниясының вице-президенті, Stephen Laslocky мырзадан Voxovation Inc. компаниясының мүддесін білдіретін өтініш түскенін хабарлады.
Министрліктің мәлімдеуінше, ведомство «Евровидение» байқауын Орталық Азия елдері үшін ең ірі шығармашылық алаңдардың бірі ретінде маңызды деп бағалайды және оның мәдени алмасуды дамыту мен ұлттық өнерді жаһандық деңгейде насихаттаудағы рөлін атап өтті. Сонымен бірге, қазіргі уақытта Қазақстан өкілдерінің осы жобаға қатысу мәселесі қаржылық шығындарды пысықтауға байланысты ашық күйінде қалып отыр.
Қазақстан атынан «Евровидение-Азия» байқауында кім өнер көрсететіні туралы сұраққа министрлік әзірге жауап берген жоқ.
Жобаның тарихы және іске қосылуы «Евровидение» байқауының азиялық нұсқасын әзірлеу 2008 жылы басталған. 2016 жылы жобаны австралиялық хабар тарату қызметі басқаруға алып, серіктестерімен бірге байқауды 2019 жылы іске қосуды жоспарлаған. Алайда 2021 жылы жұмыс тоқтап, жоба Voxovation компаниясына берілген.
2025 жылға дейін жаңалық болмаған. Кейін Бутанда іріктеу өткізуге талпыныс жасалғанымен, дайындық тоқтатылған. 2026 жылғы наурызда байқаудың іске қосылатыны ресми түрде жарияланып, қабылдаушы ел ретінде Таиланд бекітілді.
Қатысушылар және байқау ережелері Қазіргі уақытта байқауға қатысатынын 10 ел растады: Оңтүстік Корея, Таиланд, Филиппин, Вьетнам, Малайзия, Камбоджа, Лаос, Бангладеш, Непал және Бутан.
Наурыздың соңында алғашқы байқау 2026 жылғы 14 қарашада Бангкокта өтетіні белгілі болды. Байқау бір финалдан тұрады, ал жеңімпазды қазылар алқасы мен көрермендер (50/50) анықтайды. Шарт бойынша әннің ұзақтығы үш минуттан аспауы тиіс, сахнада алты адамнан артық болмауы керек.
70-ші «Евровидение» туралы Биыл 70-ші «Евровидение» байқауы мамыр айында Венада (Австрия) өтеді. Гранд-финал 2026 жылғы 16 мамыр, сенбі күні, Wiener Stadthalle — Австриядағы ең ірі жабық аренада ұйымдастырылады. Жартылай финалдар сол аптаның басында — 12 мамыр, сейсенбі күні, және 14 мамыр, бейсенбі күні өтеді.
2025 жылы «Евровидение» жеңімпазы Австриядан шыққан әнші Йоханнес Питч (JJ) болды.


