Мәжілісте ит иелеріне салық енгізу мәселесі көтерілді

Бүгін Мәжілісте «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді талқылау барысында ит иелеріне салық енгізу мәселесі көтерілді.
Бұл бастаманы депутат Магеррам Магеррамов ұсынды. Оның айтуынша, бірқатар еуропалық елдерде ит иелері жануарларын тіркеуге міндетті және салық төлейді.
Магеррамов Германия, Нидерланды, Австрия, Чехия, Испания сияқты елдерде ит иелеріне салық белгіленгенін атап өтті. Депутаттың сөзінше, салық мөлшері тұқымына қарай өзгеріп отырады.
«Мұндай нормалар азаматтарды тәртіпке келтіреді, жауапкершілікті арттырады және жергілікті бюджеттерді толықтырады», — деді ол.
Депутаттың айтуынша, осындай түзету 2024 жылы да ұсынылған, алайда ол кезде қолдау таппаған. Осыған байланысты Магеррамов үкіметтен Қазақстанда бұл тәжірибені қазір қарастыруға дайын ба екенін сұрады.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бұл мәселені зерттеуге дайын екенін айтты.
«Екінші оқылымға дейін жұмыс топтарында осы ақпаратты зерделеуге дайынбыз. Халықтың пікірін ескере отырып, бұл мәселені қарастыруға дайынбыз», — деді ол.
Қаржы вице-министрі Асет Турысов қазіргі уақытта тек үй жануарларын есепке алу талқыланып жатқанын жеткізді.
«Бүгінгі таңда үй жануарларын есепке алу қарастырылған. Жүйеде шамамен 241 мың жануар тіркелген. Салық мәселесі әзірге көтерілген жоқ, бірақ депутаттар ұсынса, біз оны қарастыруға дайынбыз», — деді ол.
Ұсынылып отырған өзгерістер
Бұған дейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларға қатысты ережелер өзгертіліп жатқаны хабарланған: Мәжілісте талқыланып жатқан түзетулер олардың өлтірілуін — эвтаназияны, сондай-ақ тегін вакцинациядан бас тартуды көздейді. Заң жобасы қаңғыбас жануарлар санын реттеудің қолданыстағы тәсілін қайта қарауды ұсынады, ол депутаттардың бағалауынша, күтілген нәтиже бермеген.
Атап айтқанда, қайтарымды аулаудан — жануарларды стерилизациялап, вакцинациялағаннан кейін қайтадан көшеге жіберу тәжірибесінен — бас тартып, қайтарымсыз аулауға көшу ұсынылады.
Сондай-ақ түзетулер:
- ауланған жануарларды уақытша ұстау пункттеріне міндетті түрде беруді;
- қаңғыбас жануарларды бюджет есебінен вакцинациялаудан бас тартуды;
- эвтаназияны қолдануды кеңейтуді көздейді.
Бұдан бөлек, құжатта панажайлар мен ұстау пункттеріне қоғамдық бақылау енгізу, әкімдіктердің өкілеттіктерін нақтылау, сондай-ақ үй жануарларын есепке алу, чиптеу, көбейту және ұстау талаптарын белгілеу қарастырылған.


