Мұз үстінде 40 адам құтқарылды: ТЖМ су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейтті

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел-құтқару бөлімшелері материалдық-техникалық базаны нығайтуды жалғастырып жатыр. Су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи аэроқайықтар, катерлер, қарда жүретін көліктер, квадроциклдер және арнайы авариялық-құтқару техникалары белсенді түрде қолданылуда.
Жаңа техниканы пайдалану құтқарушыларға акваторияларды жедел тексеруге, жұқа мұз басқан қауіпті учаскелерді анықтауға және төтенше жағдайларға уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Өтімділігі жоғары әрі мобильді техника жетуі қиын жерлерге қол жеткізуді қамтамасыз етіп, құтқару операцияларының тиімділігін арттырады.
Жыл басынан бері 15 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілген. Профилактикалық жұмыс барысында құтқарушылар азаматтарға мұз үстіне шығудың қаупі туралы ескертіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Заманауи техникамен қамтамасыз етілуі және құтқарушылардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде қысқы кезеңнің басынан бері 40 адам, соның ішінде 15 бала құтқарылды. Бұл халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді.









