Абай облысында көпбалалы ана адам саудасы үшін сотталды

Абай облысында көпбалалы ана адам саудасы бойынша сотталды.
Сот мәліметіне сәйкес, Аягөз қаласының тұрғыны 2024–2025 жылдары әлеуметтік осал адамдарды тауып, олардың сеніміне кіріп, жұмысқа орналастыру деген желеумен оларды шаруа қожалықтарына жіберген. Жәбірленушілер үшін төленген қаражатты — 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін — әйел өз пайдасына жаратқан.
Іс бойынша барлығы бес эпизод анықталған. Кейбір жағдайларда әйел жәбірленушілердің еркін жүріп-тұруын шектеп, оларға қысым көрсетіп, ішімдікке салғаны айтылды.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде айыпталушының кінәсін толық мойындауын, өкінуін, келтірілген залалды өтеуін, жәбірленушілермен татуласуын, жасын, сондай-ақ оның «Күміс алқа» наградасының барын таныды.
Жәбірленушілер әйелді бас бостандығынан айырмауды сұрағанымен, сот нақты жаза тағайындап, оны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.
t.me/kriminal_kazakhstan


