Шымкентте Наурыз мерекесі аясында халықаралық DamDastour гастрономиялық фестивалі аяқталды

Шымкентте Наурыз мерекесін атап өту аясында халықаралық DamDastour гастрономиялық фестивалі аяқталды. Шара мегаполистің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде аталды.

Фестиваль барысында Әл-Фараби атындағы орталық алаң бірнеше күнге халықаралық гастрономиялық кеңістікке айналып, әлемнің әртүрлі елдерінің асханаларын біріктірді. Фестивальдің басты ерекшелігі — оның халықаралық форматы болды. Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен танымал шеф-аспаздар қатысып, өз елдерінің ұлттық тағамдарын ұсынып қана қоймай, кәсіби тәжірибелерімен де бөлісті. Атап айтқанда, Бельгия, Швейцария, Франция, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары көрермендерге авторлық мәзірлерін таныстырды. Бұл фестивальдің мәртебесін арттырып, оны кәсіби гастрономиялық диалог алаңына айналдырды.

Фестиваль аясында өткен байқаулар жоғары бәсекелестік деңгейімен ерекшеленді. Қатысушылар ұлттық дәстүрлер мен заманауи аспаздық технологияларды шебер үйлестіргенін көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен:
- «Ең үздік палау» номинациясында Grand Golden Hills мейрамханасы жеңімпаз атанды;
- «Ең дәмді самса» санатында Qazaq Samsa мейрамханасы үздік деп танылды;
- «Ең үздік ұлттық тағам» номинациясында «Понтос» мейрамханасы жеңіске жетті.
Сондай-ақ «Камал ата» кафесі белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатқа ие болды.
Фестивальге қаладағы шамамен 50 мейрамхана қатысып, қонақтарға ұлттық және әлемдік асхананың кең таңдаулы тағамдарын ұсынды. Келушілер дәстүрлі қазақ тағамдарымен қатар еуропалық және азиялық асханадан да дәм татты. Наурыз мерекесінің басты асы — наурыз көже бірнеше нұсқада ұсынылып, мерекелік дастарханның көркін келтірді.
Іс-шараның халықаралық сипаты мәдени бағдарламада да айқын көрінді. Бір сахнада түрлі мәдени бағыттар мен заманауи трендтер тоғысып, street style және K-pop би байқаулары, домбырашылардың өнер көрсетуі, батырлар шоуы, цирк қойылымдары өтті. Бұған қоса, мотошеру мен автошоу, қолөнершілер жәрмеңкесі және тақырыптық аймақтар фестивальді көпқырлы мәдени алаңға айналдырды.
Қала әкімдігінде халықаралық DamDastour гастрономиялық фестивалі Шымкенттің халықаралық мәдениет пен гастрономия орталығы ретіндегі әлеуетін айқын көрсеткенін атап өтті. Әртүрлі халықтардың асханасы мен дәстүрін біріктірген бұл ауқымды шара Наурыз мерекесінің рухын заманауи форматта жеткізіп, қала өміріндегі ең жарқын оқиғалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.




