Қазақстан ТЖМ 2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусымына азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын күшейтті

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) азаматтық қорғау қызметтерінің 2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусымына дайындығын күшейтті.
Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Чингис Аринов 2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусымына дайындық туралы республикалық жедел штабтың төтенше жағдайларды жою жөніндегі көшпелі отырысында баяндады. Кеңес Абай облысында өтіп, оған Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов төрағалық етті.
Министрдің айтуынша, жедел ден қою және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту үшін табиғи өрттерге ден қою алгоритмі жаңартылды, оның ішінде шекаралас мемлекеттермен өзара әрекет те қамтылған. Ведомствоаралық байланыс үшін «Кордис» радиобайланысы жұмыс істеп тұр, оған орманшылар мен азаматтық қорғаудың өзге де қызметтерін қосу жоспарланып отыр.
ТЖМ-нің «Туран» жедел штабы мүдделі қызметтермен бірге интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы өрт жағдайын тәулік бойы бақылап отыр. Мониторингке «Табиғат» жүйесі, ерте анықтау және найзағай бағытын анықтау жүйесі, «ГИС ТЖ» цифрлық сервисі, сондай-ақ ғарыштық мониторинг кіреді. Осы арқылы күштер мен құралдарды басқару орталықтандырылып, шешім қабылдау жылдамдығы артып, ден қою тиімділігі күшейетіні атап өтілді.
Әр өңірде су төгу құрылғыларымен жабдықталған әуе кемелері орналасқан авиаотрядтар құрылды. Қауіп деңгейі жоғары орман аймақтарында жерүсті және әуе патрульдеуінің жедел топтары тәулік бойы кезекшілік етеді. Ауылдық жерлерде «Ауыл құтқарушылары» бағытын нығайту жалғасуда. Ел бойынша 167 ерікті өрт сөндіру пункті құрылған, биыл олардың санын 700-ге дейін арттыру жоспарланған. Қолданыстағы пункттер бүгінге дейін шамамен 900 өртті жойған.
Табиғи өрттерге жедел ден қою үшін күштер мен құралдардың Республикалық топтамасы бекітілді. Оның құрамында орман бөлімшелерінің 50 мың адам және 11 мың техника бар. Сонымен қатар ТЖМ Азаматтық қорғау академиясында орман өрт сөндіру бөлімшелерінің 360 басшысы алдын ала оқытылды.
Мамыр айында Қостанай облысында Ресей Федерациясымен бірлесіп трансшекаралық өрттерді жоюды пысықтауға арналған «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтеді. ТЖМ күштері мен құралдарының табиғи өрттерге жедел ден қоюға дайын екені айтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша табиғи өрттерге ден қоюға арналған республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізу тапсырылды. Оған «Ауыл құтқарушылары» пункттерін міндетті түрде тарту және олардың әлеуетін одан әрі дамыту, сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңде өңірлердегі жағдайды тәулік бойы бақылау үшін ТЖМ-нің ситуациялық орталығында жедел штаб құру және халық арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелері бойынша түсіндіру жұмысын күшейту міндеттелді.
@emergovkz / t.me / insta / tiktok / youtubе


