Алматыда «Стоп-нарушения» операциясының екі күнінде 4 828 құқықбұзушылық анықталды

Алматы полициясы ауқымды «Стоп-нарушения» жедел-алдын алу іс-шарасының екі күнінде 4 828 құқықбұзушылық анықталғанын мәлімдеді.
Полицияның мәліметінше, іс-шара барысында қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін өрескел бұзушылықтарға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда:
- 44 дерек: көлік құралын басқару құқығы жоқ адамдардың көлік жүргізуі;
- 8 дерек: бұрын жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің көлік басқаруы;
- 8 дерек: жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану;
- 15 дерек: қарсы қозғалыс жолағына шығу.
Жүргізіліп жатқан жұмыс аясында 2 мыңнан астам көлік құралы, оның ішінде шетелдік тіркеудегі автокөліктер де, мамандандырылған тұрақтарға қойылған.
Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаев өрескел құқықбұзушылықтардың жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Еске салайық, 1 сәуірде Алматыда «Стоп-нарушения» жаппай операциясы басталды. Оған Қазақстанның әр өңірінен полиция экипаждары тартылған. Операцияның алғашқы тәулігінде Алматыда полиция қызметкерлері 2 200-ден астам құқықбұзушылықты анықтаған.
Жұмысты күшейту үшін қалаға Астана, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан экипаждар тартылған. ІІМ мәліметінше, қосымша күштер жолдардағы тәртіп пен қауіпсіздікті бақылауды күшейту мақсатында жұмылдырылған.
Сондай-ақ, 21 наурызда Алматыда резонанс тудырған жол-көлік оқиғасы болғаны еске салынды.
Әл-Фараби және Мендикулов көшелерінің қиылысында Mercedes пен Zeekr көліктері соқтығысқан. Жол апаты салдарынан үш адам қаза тапты: 29 жастағы жүргізуші және Mercedes көлігіндегі 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмған. Zeekr жүргізушісі тірі қалып, жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Жол апаты кезінде оның мас болғаны айтылды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірлік белгілердің ықтимал заңсыз берілуі туралы уәждер бойынша ішкі қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағаны, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғалардың қызметінен айырылғаны хабарланды.


