Юлия Путинцева Кубок Билли Джин Кинг іріктеуінде жеңіске жетті

Қазақстандық теннисші, әлемнің 74-ракеткасы Юлия Путинцева Кубок Билли Джин Кинг іріктеу кезеңінде жеңіске жетті.
Путинцеваның қарсыласы Канада өкілі, әлемнің 198-ракеткасы Кайла Кросс болды. Кездесу 1 сағат 36 минутқа созылды.
Ойын барысында Путинцева эйс жасай алмады және бір қос қате жіберді. Ал қарсыласы 1 эйс орындап, 2 қос қате жіберген.
Матч қорытындысы бойынша кездесу 2:0 (6:3, 7:5) есебімен Юлия Путинцеваның пайдасына аяқталды.
Сондай-ақ бүгін қазақстандық Соня Жиенбаева (WTA – 1023) мен Канададан Бьянка Андрееску (WTA – 130) арасында матч өтетіні еске салынды.
Бұл кездесудің жеңімпазы қыркүйекте Шэньчжэньде (Қытай) өтетін Кубок Билли Джин Кингтің финалдық кезеңіне жолдама алады.
Сонымен қатар, қазақстандық теннисші Зарина Дияс мансабын аяқтағанын жариялады.
Бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Монте-Карлодағы «Мастерс» сериясындағы турнирін жеңіспен бастағаны хабарланған еді.


