Оразбек Асылқұлов Қазақстан құрамасына Азия чемпионатындағы алғашқы жеңісті әкелді

Қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов Улан-Баторда (Моңғолия) өтіп жатқан Азия чемпионатында ұлттық құрамаға алғашқы жеңісті әкелді.
Асылқұлов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/8 финалда жұдырықтасты. Оның қарсыласы Филиппин өкілі Пол Джулифер Баскон болды.
Қазақстан бокс федерациясында жекпе-жек қорытындысын былай деп атап өтті: «Біздің отандасымыз жекпе-жек бойы қарсыласын қашықтықта ұстап, оның соққыларын күтті. Нәтижесінде Оразбек 5:0 есебімен жеңіске жетті».
Оразбек Асылқұлов өткен жылдың соңында Дубайда IBA нұсқасы бойынша 57 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатын жеңіп, кейін ауырлау салмаққа ауысқан.
Еске салайық, бокстан Азия чемпионаты 30 наурызда басталды, алайда жарыстың алғашқы екі күнінде Қазақстан үш қатысушысынан айырылды.
- Жазира Орақбаева 51 келіге дейінгі салмақтағы бастапқы жекпе-жекте жарақат алып, жарыстан шығып қалды;
- Элина Базарова 54 келіге дейінгі салмақта Үндістан спортшысы Притиға төрешілер шешімімен жол берді;
- Кеше, 31 наурызда, 60 келіге дейінгі салмақта Римма Волосенко да төрешілер шешімімен жеңілді.
Бокстан Азия чемпионаты: Қазақстанда қайда және қашан көруге болады


