Қазақстан мен Иран сыртқы істер министрлері Таяу Шығыстағы жағдайды және ынтымақтастықты талқылады

Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен телефон арқылы сөйлесті.
Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі бейсенбі, 26 наурызда хабарлады.
Ведомство мәліметінше, тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды талқылап, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Хабарламада айтылғандай, әңгіме барысында Е. Көшербаев Иран төңірегіндегі жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан тарапының Түркістан қаласында бейбіт келіссөздер өткізу үшін өз алаңын ұсынуға дайын екенін растаған. Бұл туралы бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген болатын.
Сонымен қатар тараптар екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға келісті.
Еске салайық, 21 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған. Өңір жұртшылығы алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстан Таяу Шығыста қалыптасқан күрделі жағдайда делдал рөліне ұмтылмайтынын, алайда бейбіт келіссөздер үшін өз алаңын ұсынуға дайын екенін атап өткен. Оның пікірінше, мұндай диалогты Түркістанда ұйымдастыруға болады.
22 наурызда Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан мен Иран президенттері құттықтау жеделхаттарымен алмасқанын хабарлады. Мемлекет басшысының атына Иран президенті Масуд Пезешкианнан Ораза айт және Наурыз мерекелеріне орай жеделхаттар келіп түскен. Жауап хатында Тоқаев бауырлас халықтардың бірлігін нығайтып, Таяу Шығыста тұрақтылық орнауын тіледі.


