Алматының Ожет шағынауданында жүк көлігіне көмектескен жігітті бірнеше ер адам соққыға жықты

Алматының Ожет шағынауданында бірнеше ер адам жүк көлігі жүргізушісіне манёвр жасауға көмектеспек болған жас жігітті соққыға жықты. Оқиға сәті видеорегистраторға түсіп қалған.
Не болды Оқиға куәгері редакцияға видеорегистратордан алынған жазбаны жолдап, мән-жайды баяндады. Оның айтуынша, оқиға 26 наурыз күні кешке Алатау ауданындағы Балпық би көшесінде болған.
Куәгердің сөзінше, жәбірленуші фура жүргізушісіне артқа сдавать етуге көмектесіп тұрған. Сол сәтте ол қарсы бағыттан келе жатқан Toyota Camry көлігінің жүргізушісінен қол ишарасымен баяулап, тоқтай тұруын сұраған.
"Осы машинаның артынан келе жатқанмын. Жігіт фураға жай ғана көмектесті, қолымен: "Тоқтай тұршы, өтінем" деді. Оларға бірдеңе ұнамай қалды. Көліктен бір топ адам секіріп түсіп, оны ұра бастады. Не үшін, не себепті – мүлде түсініксіз. Ол оларға: "Жігіттер, тоқтаңдар, мен сендерге не істедім?" деп айқайлады. Бірақ олар жалғастыра берді", – деді куәгер.
Куәгер көлігінің ішінде балалар болғандықтан араша түсе алмағанын, алайда болған жайтты видеорегистраторға түсіріп үлгергенін айтты. Жәбірленушінің жағдайы және соққының қанша уақытқа созылғаны оған белгісіз.
Полиция не дейді Полицияның мәліметінше, шабуылға қатысушылар ұсталған.
Оларға Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша ("Бұзақылық") қылмыстық іс қозғалған.
"Жолдағы жанжал фактісі бойынша Алатау ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысушылардың барлығы жедел анықталып, ұсталды. Олардың әрқайсысының әрекетіне принципті құқықтық баға беріледі", – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұған дейін Түркістан облысында екі ағайынды бір топ жігітті қатыгездікпен ұрып-соқты деп айыптаған. Алдын ала нұсқа бойынша, жанжалға шабуыл жасағандардың 500 теңгелік купюрамен, ол жарамсыз болуы мүмкін деген күдікпен, есеп айырысуға тырысуы себеп болған.


