Астанада РАС диагнозы бар балалар қатысқан «Муха-Цокотуха» инклюзивті мюзиклі аншлагпен өтті

4 сәуірде елордадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының сахнасында театр өнерден асып, қоғамдық мәні бар кеңістікке айналды. Мұнда аншлагпен РАС (аутистік спектр бұзылыстары) диагнозы бар балалар мен жасөспірімдер қатысқан инклюзивті спектакль-мюзикл «Муха-Цокотуха» өтті.
Астанадағы көрсетілім Дүниежүзілік аутизм туралы ақпараттандыру айына, сондай-ақ «ДОМ» қорының 20 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Қор мәліметінше, қойылымға 800-ден астам көрермен жиналды. Сахналық жобаға барлығы 84 адам қатысты, олардың ішінде 6-дан 19 жасқа дейінгі 33 бала мен ересек РАС диагнозымен, сондай-ақ олардың ата-аналары болды. Бұл — Астана үшін жобаның алғашқы көрсетілімі; бұған дейін ол 2023 жылы Алматыда ұсынылған.
Жоба Аружан Саиннің жетекшілігімен жүзеге асатын «Милосердие» ерікті қоғамы қорының «Аутизм Победим!» бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спектакль аутизмі бар балалардың коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Қатысушылардың көбі үшін бұл маңызды кезең болды: жас әртістер үлкен сахнаға шығып, рөлдерді орындап, көрерменмен өзара әрекеттесіп, мамандар мен ата-аналардың қолдауы арқылы қол жеткізген ілгерілеуді көрсетті.

«Бұл — елордалық аудиторияға спектакль ұсынудың ерекше сезімі. Театр әдеттегі шекаралар — актер мен көрермен арасындағы, “мүмкін” мен “мүмкін емес” арасындағы — өшірілген орынға айналды. Әсіресе көрермендердің спектакльдің аутизмі бар балалардың мүмкіндіктеріне басқаша қарауға көмектескені туралы оң пікірлерін есту қуантады», — деді Аружан Саин.
Ұйымдастырушылар қойылымда сахналық кеңістікті құруда инклюзивті тәсілге ерекше мән берілгенін атап өтті. Декорациялар РАС диагнозы бар балалардың ата-аналары тарапынан қолмен жасалған, ал костюмдер қатысушылардың сенсорлық ерекшеліктері ескеріліп әзірленген. Спектакльдің көркемдік шешімі әр баланың жеке әлеуетін ұқыпты ашуға бағытталған.

«Спектакльге қатысу — әлеуметтенудің маңызды кезеңі: балалар өзара әрекеттесуді, эмоцияны білдіруді және өзін команданың бір бөлігі ретінде сезінуді үйренеді. Менің қызым “Муха-Цокотухада” шегірткенің рөлін ойнайды және сахнаға қуана шығады. Біз, ата-аналар үшін де бұл маңызды — балалардың жетістігін көріп, қуанып, өзіміз де процеске араласамыз», — деді спектакль қатысушысы Дарияның анасы Сания Абенова.
Астанадағы көрсетілім Булат Өтемұратов қорының демеушілік қолдауымен өтті. Қор инклюзивті жобаларды қолдау адам капиталын дамытуға және тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыруға бағытталған жүйелі қызметтің бір бөлігі екенін атап өтті.

«Әр қимылда, әр репликада — орасан еңбек, төзім және сенімнің нәтижесі бар. Бұл толқытады әрі мұндай жобаларға жүйелі қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. 12 жыл ішінде біздің қор Қазақстанның 12 өңірінде “Асыл-Мирас” аутизм орталықтарының 13-ін ашты, бүгінде олардың қолдауымен 20 000-нан астам бала қамтылған. Біз қоғамды ақпараттандыру жұмысын да жалғастырамыз: сәуір айында дәстүрлі түрде “Аутизм. Мир один для всех” науқаны өтеді, оның аясында “Асыл-Мирас” орталықтарының барлығында ашық есік күндері және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылған», — деді Булат Өтемұратов қорының бас директоры Айнур Карбозова.

Ұйымдастырушылардың бағалауынша, Қазақстанда инклюзивті мәдени бастамаларға қызығушылық артып келеді. Мұндай жобалар тек шығармашылық жұмыс ретінде ғана емес, сондай-ақ ашық әрі қабылдаушы қоғам қалыптастыруға ықпал ететін әлеуметтік тәжірибе ретінде қарастырылады. Астанадағы премьера осы бағыттағы тағы бір қадам болды — залдың реакциясына қарағанда, бұл қадам назардан тыс қалмаған.


