ІІМ халықаралық аренада ел намысын қорғаған спортшыларды марапаттады 🥇

🥇 ІІМ-де ел абыройын халықаралық аренада асқақтатқан спортшыларға құрмет көрсетілді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденов халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды марапаттады.
Марапатталғандардың қатарында ІІМ-нің “ARLAN” спорт клубының мүшелері — Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай бар. Олар Ұлан-Батыр қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасы 13 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Бішкек қаласында өткен күрестен Азия чемпионатында Гүлмарал Еркебаева Оңтүстік Корея спортшысын жеңіп, қола жүлдегер атанды.
Сонымен қатар ведомство қызметкерлері де жоғары нәтиже көрсетті. Күштік құрылымдар арасында өткен Қазақстан Республикасының қазақ күресінен чемпионатында ІІМ құрамасы жалпыкомандалық есепте сенімді түрде бірінші орынды иеленіп, барлық 8 алтын медальдің төртеуін жеңіп алды.
Өз салмақ дәрежелері бойынша чемпион атанғандар:
- 55 келіге дейін — Архат Баймурзин
- 82 келіге дейін — Мәди Амангелді
- 90 келіге дейін — Еламан Қойшыбаев
- 100 келіден жоғары — Санжар Жабборов
Министрдің айтуынша, “арландықтар” еңбегімен, табандылығымен және мықты рухымен Қазақстанды халықаралық аренада лайықты танытып келеді. Ол спортшылардың жеңістерін ел мерейі әрі Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде атап өтіп, алдағы уақытта толағай табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.
“ARLAN” клубының спортшылары алдағы уақытта да ведомство мен ел намысын ірі республикалық және халықаралық жарыстарда қорғап, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жоғары дайындығы мен жауынгерлік рухын дәлелдей бермек.
📱 POLISIA.KZ


