Маңғыстауда табиғи ескерткіштер маңында дрифт жасаған жүргізуші анықталды

Маңғыстау облысы туристерге қатысты тағы бір даудың ортасында қалды. Әлеуметтік желіде элиталы көлікпен табиғи ескерткіштердің дәл етегінде дрифт жасаған кадрлар тарады.
Не болды
Жүргізушілер түсірілген видео блогер Азамат Сарсенбаевтың парақшасында жарияланды. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер жергілікті флораға зиян келтіреді.
"Қамалдар алқабы емес, қоқыс пен вандализм орны. Демалушылардың ойланбай жасаған әрекеттерінен бірегей орын жансыз шөлге айналып барады. Ал дәл осы таулардың етегінде Қызыл кітапқа енген бірегей соғды қызғалдағы өседі", — деп жазды ол.
Жазбада бірнеше иномарка көрікті алқаптың аясында дрифт-маневрлер жасағаны көрінеді.
Полиция не деді
Маңғыстау облысы полиция департаменті баспасөз қызметі құқық бұзушылардың бірінің жеке басы анықталғанын мәлімдеді.
"Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол — мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінсіз көлік құралын қайта басқарған 24 жастағы жүргізуші. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылған", — деді полиция департаментінде.
Полицияның мәліметінше, көлік мамандандырылған тұраққа қойылған. Жүргізушіге бірнеше әкімшілік хаттама толтырылған:
- апаттық жағдай жасау;
- абаттандыру қағидаларын бұзу;
- көлік құралдарын пайдалану қағидаларын қайталап бұзу.
Бұған дейінгі жағдайлар
Сәуір айында Маңғыстау облысы табиғи локациялардағы көлікпен жүру оқиғаларына байланысты бірнеше рет назарға ілінді. Өткен аптада Өзбекстаннан келген блогер Илхомжон Йолчиевтің Түзбайыр сорына жол талғамайтын көлікпен жүрген видеосы кең резонанс тудырған.
Кейін желіде Бозжыраға қатысты да басқа кадрлар пайда болды.
Полиция департаменті өзбек инфлюенсеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы ("Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу") бойынша 20 АЕК мөлшерінде (86 500 теңге) бір ғана айыппұл салынғанын хабарлады.
Айрақты — Маңғыстаудың ең танымал табиғи көрікті орындарының бірі. Ол жартастар бедерінің ерекше болуына байланысты жиі "қамалдар алқабы" деп аталады.
Оқи отырыңыз: “Собирали вручную“: свалка мусора в Мангистау оказалась в центре внимания


