Павлодар облысында «Борышкер» акциясы аясында қарызды анықтау рейдтері өтті

Павлодар облысында қарызын өтемегендерді анықтау мақсатында рейдтер ұйымдастырылды.
Патрульдік полиция прокуратура және сот орындаушыларымен бірлесіп «Борышкер» акциясы аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Акцияның мақсаты — айыппұлдар мен өзге де берешектерін төлемеген азаматтарды анықтау.
Рейдтердің бірінде Cadillac Escalade жол талғамайтын көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында көлік иесі болып табылатын компанияның 34 миллион теңгеден астам қарызы бар екені белгілі болды.
«Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде автокөлік жедел түрде арнайы тұраққа қойылды», — деді Павлодар қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазы.
Полиция өкілдері көліктен айырылып қалмау үшін айыппұлдар мен басқа да қарыздарды уақытылы төлеу қажеттігін еске салды.
Бұған дейін Шымкентте 15 миллион теңге қарызы бар жүргізуші ұсталғаны туралы хабарланған болатын.
Сондай-ақ: Астаналық ер адам балаларға ақша қимай, көлігінен айырылды.


