Алматыда құрылыс саласында лицензияны заңсыз алу схемасына қатысы бар адамдар тобы анықталды

Алматыда құрылыс саласында лицензияларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырды деген күдікпен адамдар тобы анықталды. Күдіктілер «Е-лицензирование» ақпараттық жүйесіне көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы лицензия рәсімдеуге ықпал еткен деген болжам бар.
АФМ мәліметінше, схемаға қатысушылардың қызметі тоқтатылды. Олар Алматы қаласының КММ «Алматы қаласының қала құрылысы бақылау басқармасы» қызметкерлерімен сөз байласқан.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2021 жылдан бастап күдіктілер өздеріне бағынысты компаниялар арқылы жүйеге өндірістік базалардың, арнайы техниканың және білікті инженерлік-техникалық қызметкерлердің бар екені туралы жалған ақпарат енгізген. Нақтысында аталған талаптар сақталмаған.
Осының нәтижесінде белгіленген біліктілік нормаларын айналып өтіп, 400-ден астам заңды тұлға сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында I санаттағы лицензия алған.
Тінту барысында тергеу үшін маңызы бар құжаттар мен заттар тәркіленді.
Тергеу мәліметінше, осындай «қызметтерді» рәсімдегені үшін ұйымдастырушылар 2 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін сыйақы алған.
Тергеу жалғасып жатыр.
Бұған дейін Алматыда мемлекеттік оператор арқылы миллиардтаған табыс табуға мүмкіндік берген заңсыз схема әшкереленген болатын.


