Қарағанды облысында қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды: 20 адам ұсталды

Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Қарағанды облысында бір топ адамның қылмыстық әрекетін тоқтатты. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тексеру барысында топ мүшелерінің біреуі спорт ортасындағы өз жағдайын пайдаланып, спортты қолдау және дамыту деген желеумен жастарды ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға тартқаны анықталған.
Ведомство мәліметінше, ұрлық, бопсалау, алаяқтық және тонау фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғалған. Қабылданған шаралар мен жедел әрекеттер нәтижесінде 20 адам ұсталған.
Сондай-ақ 47 санкцияланған тінту жүргізілген. Тінту барысында заңсыз айналымнан атыс және суық қару, оқ-дәрі, автокөлік, ірі көлемдегі ақша қаражаты (оның ішінде шетел валютасындағы), сондай-ақ қылмыстық істер үшін маңызы бар өзге де заттай дәлелдемелер алынған.
ІІМ мәліметінше, ұсталғандар басқа қылмыстарға қатыстылығы бойынша да тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар ІІМ-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруға, азаматтарды құқыққа қайшы әрекеттерге тартуға және оларға заңсыз қысым көрсетуге бағытталған кез келген әрекеттер қолданыстағы заңнама аясында тоқтатылатынын айтты.


