Қостанай облысының әкімі Арқалықтағы әуежай, жол және әлеуметтік нысандар жобаларының орындалуын тексерді

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалыққа жұмыс сапары кезінде қаладағы негізгі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуын тексерді.
Әуежайды қалпына келтіру Өңірдегі маңызды жобалардың бірі — 1993 жылдан бері жұмыс істемеген әуежайды қалпына келтіру. Қазір терминал мен инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оларды аяқтау шілде айына жоспарланған. Нысанды аралау барысында өңір басшысы құрылыстың стратегиялық маңызын атап өтті.
«Жаңа әуежай салу — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан негізгі бағыттардың бірі, бұл өңірдің оңтүстік аудандарын дамытуға бағытталған», — деді Құмар Ақсақалов.
Жоспар бойынша әуе қатынасы Арқалық – Қостанай және Арқалық – Астана бағыттарында іске қосылады. Сонымен қатар әуежай төтенше жағдайлар кезінде логистикалық міндеттерді шешу үшін де пайдаланылмақ.

Жолдар және логистика Өңірде көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасып жатыр. Арқалықтың өзінде де жолдарды жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ұлытау облысы бағытына қарай трассаның 87 шақырымдық бөлігі жаңартылды. Бұл жолды едәуір қысқартып, қаланың логистикалық торап ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.
«Арқалық қаласы елдің Солтүстік — Оңтүстік — Батысын байланыстыратын логистикалық орталыққа айналады, — деді өңір басшысы. — Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Орталық — Батыс» жобасы іске асырылып жатыр, ол астанадан батыс облыстарға тікелей шығуды қамтамасыз етеді. Ұзындығы шамамен 900 шақырым болатын жаңа автодәліз қашықтықты шамамен 550 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді».

Әлеуметтік нысандар және спорт Әлеуметтік салада спортты дамыту мен қолжетімді инфрақұрылымға басымдық берілгені айтылды. 2025 жылы қалада 3 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді: «Қазақстан» спорт кешені, күрес залы бар спорт интернаты және Мәдениет сарайы.
Қалада заманауи спорт нысандары жұмыс істеп тұр, ал биыл «Самұрық-Қазына» қоры есебінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Сонымен бірге Родина ауылында да ФОК салу көзделген. Бұдан бөлек, қалада жабық хоккей кортының алғашқы тасы қаланды.
Арқалық қаласы облыстық жазғы спартакиаданы қабылдайтын алаң болады. Ол қаланың 70 жылдығы қарсаңында өтеді. Осыған байланысты стадионды жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Білім беру және инфрақұрылым Жергілікті биліктің мәліметінше, білім беру жүйесі де дамып келеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қалада зертханалары мен IT-инфрақұрылымы бар заманауи мектеп пайдалануға берілген.
Қосымша мүмкіндіктер педагогикалық институтты университетке айналдыру арқылы ашылмақ.
«Университет мәртебесі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және білім беру бағдарламаларын іске асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады. Жұмыстар аяқталды. Студенттер санын бес мыңға дейін арттыру, сондай-ақ журналистика, ауыл шаруашылығы және IT бағыттарын қоса алғанда жаңа даярлау бағыттарын ашу жоспарланып отыр», — деп хабарлады Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар өңірде теміржол инфрақұрылымы, оның ішінде Арқалық вокзалы да жаңартылып жатыр. Онда инженерлік желілер, күту залдары, касса аймақтары жаңартылып, заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізіледі.
Абаттандыру және тұрғын үй Абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Қалада көгалдандыру, тұрғын үй қорын жаңарту және аумақтарды санитарлық тазалау жалғасып жатыр. Шамамен үш мың ағаш отырғызу жоспарланған, ал бүгінге дейін акция аясында 90 ағаш егілген.
Әкімдіктің дерегінше, 2022–2025 жылдары қалалық ортаны жаңғырту және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған шаралар кешені іске асырылды:
- негізгі қоғамдық кеңістіктер мен орталық көшелер абаттандырылды;
- 35 мың шаршы метрден астам брусчатка төселді;
- балалар ойын алаңдарының желісі құрылды және жаңғыртылды;
- «Демалыс» паркі реновацияланды, оның ішінде жаяу жүргінші фонтаны іске қосылып, сахна салынды;
- 4 мың ағаш отырғызылды.
Тұрғын үй қорын жүйелі жаңарту да қамтамасыз етілді: 150-ден астам көппәтерлі үйдің шатырлары мен қасбеттері жөнделді, заманауи энергия тиімді материалдар енгізілді, тұрғын үй инфрақұрылымының тозу деңгейі төмендетілді.
Жұмыс 2026 жылы да жалғасады: 18 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетін жөндеу, сондай-ақ 19 МЖД-ның шатырын жөндеу жоспарланған.
Қостанай облысының әкімдігінде әуежай, теміржол вокзалы, жолдар және өзге де нысандарды қайта жаңғырту Арқалықтың позициясын нығайтып, оны елдегі маңызды көлік-логистикалық орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді деп есептейді.



