Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында күрт жылыну күтіледі: өзендердің арнасынан шығу қаупі бар

Алдағы күндері Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында синоптиктер күрт жылынуды болжап отыр. Осыған байланысты қардың қарқынды еруінен өзендердің арнасынан шығу қаупі туындауы мүмкін.
Ақмола облысы бойынша 25–27 наурыз аралығында күндіз ауа температурасы 10–15 градусқа дейін, түнде 2 градусқа дейін жылы болады деп күтіледі. Осы кезеңде қар жамылғысының интенсивті еруі, еріген су ағынының қалыптасуы, облыстың өзендері мен салаларында су деңгейінің көтерілуі болжанады. Соның салдарынан автожолдардан су асуы, елді мекендерді, тұрғын және шаруашылық құрылыстарды еріген сулардың басуы мүмкін.
Павлодар облысында да 25–27 наурыз күндері күндіз ауа 7–12 градусқа дейін жылынады, ал түнде температура 0 градустан төмен түспейді. Болжамға сәйкес, қардың қарқынды еруі, еріген су ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі. Бұл жағдай автожолдардан су асуы мен су басу қаупін арттыруы ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысында да 25–27 наурыз аралығында күндіз оң температура, ал түнде 0 градустан төмен емес ауа райы болжанады. Мұнда да қардың интенсивті еруі, еріген су ағынының қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендер деңгейінің көтерілуі күтіліп отыр. Соның салдарынан автожолдардан су асуы және су басу мүмкін.
Сондай-ақ синоптиктер Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындарын қар көшкіні қаупі туралы ескертті. 2026 жылғы 24–26 наурыз аралығында өзендердің Үлкен және Кіші Алматы бассейндерінде қар жамылғысының биіктігі жоғары болуы және жауын-шашын түсуіне байланысты қар көшкіні жүруі мүмкін. Осыған орай, қар көшкінін қоздыру қаупіне байланысты қар басқан беткейлерге шықпау ұсынылады.
Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстанда 30 елді мекен су басу қаупі аймағында екенін хабарлады.

Ведомство су басу тәуекелдерін төмендетудің негізгі құралдарының бірі ретінде бақыланатын жарылыс жұмыстарын атады. Мұндай жұмыстар Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Абай облысында жүргізілген.
Жалпы алғанда, әртүрлі өзендерде 191 жарылыс жасалып, 31 560 метр мұз кесілген. Өңделген учаскелердің жалпы аумағы 561 мың шаршы метрді құрады.


