Үбі өзенінде мұз кептелістерінің алдын алу үшін жарылыс жұмыстары жүргізілді

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласы ауданында Үбі өзенінде мұз қозғалысы тіркелді. Қалыптасқан жағдай Бородулиха ауданындағы Красный Яр және Речное ауылдары маңында мұз кептелістерінің пайда болуына әкелуі мүмкін еді.

Жағдайды тұрақтандыру мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті Абай облысының әкімдігімен бірлесіп, алдын алу шараларының кешенін ұйымдастырды. Речное ауылынан төмен орналасқан қауіпті учаскеде мұз қабатын бөлшектеу үшін жарылыс жұмыстары жүргізілді.
Жұмыстар барысында алты учаскеде жалпы аумағы шамамен 12 мың шаршы метр мұз бұзылды. Бұл өзен арнасымен судың еркін өтуін қамтамасыз етіп, кептелістердің пайда болу қаупін азайтты.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде су басу қаупі барынша төмендетіліп, Краснояр ауылдық округінің тұрғындары мен тұрғын үйлерінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Жағдай тұрақты бақылауда.


