Солтүстік Кавказда нөсер жаңбыр күшейіп, Дағыстанда эвакуация мен төтенше шаралар енгізілді

Наурыздың соңынан бері Солтүстік Кавказда нөсер жаңбыр тоқтамай, ең қатты зардапты Дағыстан тартты. Республиканың жекелеген өңірлерінде төтенше жағдай (ТЖ) режимі енгізіліп, су тасқыны мен көшкін қаупіне байланысты жергілікті тұрғындарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр.
Дағыстанның Дербент ауданында қатты нөсер салдарынан өзен арнасынан асып, Геджух су қоймасының бөгеті бұзылғаннан кейін тұрғындарды эвакуациялау басталды.
Биліктің мәлімдеуінше, Дербент ауданынан алдын ала 4165 адамды, оның ішінде 823 баланы эвакуациялау жоспарланған. Олар уақытша орналастыру пункттеріне және туыстарының үйіне жеткізіледі.
Дағыстан басшысы Сергей Меликов өңірдегі ең күрделі жағдай Махачкалада, сондай-ақ Қарабудахкент және Хасавюрт аудандарында қалыптасқанын айтты.
Сонымен қатар Қайтаг ауданының Кирки ауылында көшкін жүріп, бір үй толық қираған, тағы екеуі ішінара зақымданған. Үйінді астынан қаза тапқан әйелдің мәйіті табылған.
Бұл — өңірде бір апта ішіндегі екінші ірі су тасқыны. Наурыздың соңында Солтүстік Кавказда нөсер жаңбыр басталып, оның салдарынан ең көп зардапты Дағыстан көрген.
Республикада ондаған мың тұрғын электр қуатынсыз қалған, ал автокөлік және теміржол жолдарын су шайып кеткен. Махачкалада көптеген көшелерді су басып, Дағыстанның әртүрлі бөліктерінде сел жүретіні хабарланған.
Дағыстан астанасы Махачкалада 5 сәуір күні қатты нөсерден кейін үш қабатты көппәтерлі үй құлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, құлаған үйдің барлық тұрғындарын дер кезінде эвакуациялап үлгерген.
Дағыстандағы төтенше жағдай аясында өңірлік Денсаулық сақтау министрлігі А гепатитіне қарсы вакцинация науқанын бастап, ықтимал індеттің алдын алуды көздеп отыр.
Ең алдымен дәрігерлер қоғамдық тамақтану және азық-түлік саудасы қызметкерлерін, кәріз желілері қызметкерлерін, табиғи апат салдарын жоюға қатысушыларды және уақытша орналастыру пункттеріндегі жергілікті тұрғындарды вакциналайды.
Дағыстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2–4 сәуір аралығында республикада ыдыс жуу кезінде қайнатылмаған суды пайдалануға байланысты ішек инфекциясымен 21 пациент (оның ішінде 14 бала) ауруханаға жатқызылған.


