Президент Қазақстанның 2025 жылғы ең маңызды ғылыми жетістігін атады

Астанада өткен ғалымдарды марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қазақстанның өткен жылғы ең маңызды ғылыми жетістігін атады.
Президент қолданбалы ғылымды дамыту Қазақстан үшін айрықша маңызды міндет екенін айтып, осы бағыттағы жобалар санының артуын өте жақсы көрсеткіш ретінде бағалады.
Касым-Жомарт Токаевтың айтуынша, бүгінде университеттер технологиялық хабтарға айналып келеді. Ол мысал ретінде өткен жылы University Medical Center Жүрек орталығының дәрігерлері жасаған бірегей әзірлемені — ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) инновациялық медициналық аппаратын келтірді.
Президент бұл құрылғыны 2025 жылдың ең маңызды ғылыми жетістігі деп атады. Оның сөзінше, аталған құрылғы донорлық ағзаның адам денесінен тыс жағдайда 24 сағаттан астам функционалдылығын сақтауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы мұндай бірегей жаңалықтар қазақстандық ғылымның жоғары әлеуетін көрсететінін атап өтті.
Сонымен қатар Президент бұл салада шешілмеген мәселелердің әлі де аз еместігін айтты.
Ол наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барғанын еске алып, ғылыми қауымдастық өкілдерімен бірқатар мәселені талқылағанын жеткізді. Мемлекет басшысы ғылымды қаржыландыруда қатаң тәртіп пен айқын басымдықтарды белгілеу қажеттігін атап өтті.
Президенттің айтуынша, басты мақсат — бюджетті формалды түрде игеру емес, қоғамға пайда әкелетін жобаларды іске асыру болуы тиіс.


