Иран президенті Масуд Пезешкиан өңір елдерін өз аумағын Иранға қарсы шабуылдар үшін пайдалануға жол бермеуге шақырды

Иран президенті Масуд Пезешкиан өңір елдерін өз аумағын Ислам республикасына қарсы шабуылдар үшін пайдалануға жол бермеуге тағы да шақырды.
Пезешкианның айтуынша, Тегеран «алдын ала соққы жасамайды». Алайда ол Иранның инфрақұрылымы мен экономикалық орталықтарына жасалған кез келген шабуылға «барлық табандылықпен жауап беретінін» атап өтті.
Президент өңір мемлекеттеріне әлеуметтік желідегі X платформасында үндеу жасап: «Егер сіздер даму мен қауіпсіздікті қаласаңыздар, біздің жауларымызға сіздердің аумақтарыңыздан бізге қарсы соғыс жүргізуге жол бермеңіздер», – деп жазды.
Бұған дейін Иран президенті Наурыз мерекесіне орай көрші мұсылман елдеріне үндеу жасап, елінің көршілермен қақтығысқа баруға ниетті емес екенін мәлімдеген.
Оның сөзінше, Иранның көрші мұсылман мемлекеттермен қарсыласуынан тек Израиль ғана ұтады, ал оның режимі «мемлекеттік терроризмге негізделген».
Сондай-ақ Пезешкиан АҚШ пен Израильдің шабуылдары аясында халықты бірлікке шақырып, «Иранды дауылдан мақтанышпен алып шығу» қажеттігін айтты.


