Сингапурда қарттарға арналған паркур танымал бола бастады

Сингапурда әлемдегі халқы ең жылдам қартаятын елдердің бірі ретінде қарт адамдар арасында «гериатриялық паркур» танымал бола бастады.
Бұл жаттығуларға қатысатын сингапурлық зейнеткерлер бірге жиналып, қоршаулардан секіреді, төбешіктің астымен еңбектеп өтеді, алға домалап түседі және тік еңіске өрмелейді.
«Гериатриялық паркур» аясында шамамен 20 зейнеткер ептілікті дамытуға арналған бірқатар күрделі жаттығуларды орындауды үйренеді.
68 жастағы Бетти Бун паркурмен айналысу өзіне деген сенімділігін арттырып, тәуелсіз болуына көмектескенін айтады.
«Әлсіз болғанда, біреуге тәуелді боласың. Мен өзімді тірі сезінемін. Бұл — мүлде жаңа әлем», — дейді ол.
Болжам бойынша, биыл Сингапур қарттар басым елге айналады: 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі 21 пайыздан асады.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2030 жылға қарай әрбір төртінші сингапурлық 65 жаста және одан үлкен болады.
Осыған байланысты елде қарт адамдардың қажеттіліктеріне бағытталған түрлі қызмет түрлері мен салалар, соның ішінде әлеуметтік іс-шаралар және топтық спорт сабақтары пайда болып жатыр.
33 жастағы жаттықтырушы Тан Ши Бун 2017 жылы қарттарға паркур сабақтарын өткізе бастағанда, көпшілік бұған күмәнмен қарап, жасы үлкен паркуршылар арасында жарақат алу қаупі жоғары екенін айтқанын жеткізеді.
Алайда Тан Ши Бун берілмей, шәкірттеріне тепе-теңдікті, төзімділікті және үйлесімділікті жақсартуға көмектесетін жаттығулар берген.
«Бұл маңызды. Мен өз жұмысымның қандай әсер беретінін көріп жүрмін», — дейді жаттықтырушы.
Паркур әдетте жас спортшылар арасында танымал болғанымен, Тан және оның шәкірттері бұл спорт кез келген жастағы адамға лайық екенін айтады. Жаттықтырушы барлық жаттығуды шәкірттерінің мүмкіндігіне қарай бейімдейді, олардың жасы 50-ден 83-ке дейін.
Тан Ши Бунның айтуынша, қарт адамдар құлаған кезде үйлесімділіктің жеткіліксіздігі, тепе-теңдіктің бұзылуы және ептіліктің төмендігі салдарынан ауыр жарақат алуы мүмкін, өйткені олар дер кезінде әрекет ете алмайды.
Бұған дейін Алматыда көпір асты кеңістіктеріндегі паркур және скейт алаңдары суреттермен ерекше безендірілгені туралы айтылған болатын.


