Алматы облысындағы Боралдай теміржол өткелінде маршруттық автобус пойызбен соқтығысты

Алматы облысындағы Боралдайда теміржол өткелінде маршруттық автобус пойызбен соқтығысты.
Полиция мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Алматы — Боралдай — Шамалған станциясы бағытындағы автожолдағы теміржол өткелінде болған. Оқиғаға жол берген маршруттық автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.
Алдын ала дерек бойынша, көмір станциясынан шыққан пойыз өткел арқылы қозғалып келе жатқан. Маршруттық автобус жүргізушісі жол бермей, соқтығысқа жол берген.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан алты адам әртүрлі жарақатпен медициналық мекемеге жеткізілгені хабарланды. Кейін полиция оқиғада үш адам зардап шеккенін нақтылады.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, 2025 жылы Тараз қаласында Аскаров көшесіндегі теміржол өткелінде жүк пойызы, Dongfeng маршруттық автобусы және Mercedes жеңіл көлігі қатысқан жол-көлік оқиғасы болған. Ол оқиғада зардап шеккендер тіркелмеген.


